Ермахан Ыбырайымов қазақ боксшылары екі алтын алуға міндетті екенін ескертті
Фото: abai.kz
Бокстан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов Риода жұдырықтасатын қазақ жігіттерінің қарымы туралы ойымен бөлісті.
Бұл туралы ол Abai.kz порталына берген сұхбатында айтқан.
«Біздің жігіттер бабында қазір. Осыған дейін түрлі додаларда өздерінің қабылеттерін көрсете білген еді олар. Олар – Олимпиадаға баруғы лайық екендіктерін дәлелдеген жігіттер. Соның ішінде біздің Біржан – жалпы құрамадағы ең тәжірбиелі боксшы. Ол осымен үшінші мәрте Олимпиада ойындарына қатысып отыр. Біржанды осыған дейін жіберген қателіктерінен түгел дерлік сабақ алды, әбден ысылды деп ойлаймын. Және оның салмағы 49 келі ғой. Біржан өз салмағының фавориті болып саналады. Мынау AIBA мамандары, федерация мамандары ең мықты деген боксшыларды бір бірімен алғашқы кездесулерде жолығып қалмауы үшін, 4 топқа бөліп тастаған. Біздің Біржан да сол мықтылардың сапында, өз тобында ең үздік болып тұр», — деді Ыбырайымов.
Ермахан мырза Олимпиаданы ең бірінші айналымда аяқтаған 60 келідегі Берік Әбдірахмановқа қатысты ойымен де бөлісті.
«Андрей Замковой Ресей кұрамасының алтыннан үмітті боксшыларының бірі еді. Кенияның боксшысынан ұтылып қалды. Ал кениялық боксшы рейтингте алғашқы жиырмалыққа да кірмейтін. Сол секілді біздің Берік те АҚШ боксшысынан ұтылды. Негізі Беріктің шамасының жеткен жері сол болды ма деймін… Одан ары күштесе де ештеңе өзгермейді. Берік қолынан келгенінше шапты. Сондықтан, біз боксшыларымызға үміт артамыз», — деді ол.
Сонымен қатар, Олимпиада чемпионы боксшыларымыз қанша жүлде алуы мүмкін деген сұраққа да жауап берді.
«Бас бапкер Мырзағали Айтжанов жалпы 5 медаль алу ойда бар деген болатын. Соның кем дегенде екеуі алтын болуы тиіс. Ол міндет», — деді Олимпиада чемпионы.
Еске сала кетейік, кеше шаршы алаңға шыққан Қазақстан құрамасының үш боксшысы кездесулерін жеңіспен аяқтады.
newstaraz.kz