Хиджаб киіп, намазға жығылған бойжеткеннен жігіті мен құрбылары теріс айналды
Көрнекі сурет. Фото: islam-today.ru
«Менің есімім — Әсел, 24 жастамын және хиджаб киемін. Мен басқалар сияқты табысы орташа отбасында дүниеге келдім. Ата-анам ешқашан дінді қатты ұстанған адамдар болмаған. Яғни, Ислам дінін маған ешкім де теліген жоқ. Мен оған ерікті түрде келдім», — дейді Әсел.
Оның хиджаб киіп, намазға жығылуына университетте зерттеген ғылыми жұмысы себеп болған.
«Университетте философия сабағында біз түрлі діни ағымдарды зерттей бастадық. Маған берілген тапсырма бойынша мен Құранды басынан бастап, аяғына дейін оқып шықтым. Осылай менің ислам дініне деген жаңаша көзқарасым қалыптасты», — дейді бойжеткен.
Әсел намазды өз бетімен үйренгенін айтады.
«Мен мешітке барып, ешкіммен ақылдасқан да жоқпын. Өзіме берілген жобаны қорғап шыққан соң, бір жылдан кейін мен намаз оқи бастадым. Ата-анамнан басқа бұл туралы ешкім білмейтін. Мен «намаз оқу — сән екен» деп оқымадым», — деп пайымдайды ол.
О баста Әселдің сырт келбетінде ешқандай өзгеріс болмаған. Тек қысқа көйлек киіп, тырнағын қызыл түске бояудан бас тартыпты. Сонымен бірге, құрбыларымен бірге түнде қыдырмайтын болған.
«Оған қарағанда мен саябақтарға барып, тауға жиі шығатын болдым немесе тыныш кофеханаларда бас қосқанды жөн көрдім», — дейді Әсел.
Осы аралықта ол ұнатқан жігітін кездестірген.
«Ол менен бес жас үлкен болды, сөйлесіп жүрдік. Бірақ ол менің діни ұстанымымды білген жоқ. Бірақ бір күні мен хиджаб киемін деп шештім. Содан ол менен теріс айналды», — дейді хиджабтағы ару.
Сондай-ақ, бойжеткеннің айтуынша, жанында бірге жүрген төрт құрбысынан қазір тек біреуі қалған.
«Мен діни адамның неліктен ерекшеленіп тұратынын енді түсінетін болдым. Өйткені біздің қоғамда оларға «терроршы», «қауіпті адам», «сауатсыз» деген атақ тағып қойған. Бұл жағдай менің басымнан өтетіндей мен не істедім? Бес уақыт намазын тастамай, ешкімге тиіспей, өзінің ережесін ұстанған тыныш жүрген адамның не кінәсі бар? Сіздер неге ислам мен терроризмді шатастырасыздар?», — деп налиды бойжеткен.
newstaraz.kz