HRW: 2022 жылғы қақтығыста қырғыз және тәжік күштері «соғыс қылмысын жасаған болуы мүмкін»
2022 жылғы қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы төрт күндік қақтығыста қырғыз және тәжік әскерлері «соғыс заңын өрескел бұзды» деп мәлімдеді Human Rights Watch (HRW) ұйымы. Мемлекетаралық қақтығыста жүзден астам бейбіт тұрғын мен сарбаз опат болған.
2 мамырда егжей-тегжейлі есебін жариялаған HRW ұйымы – ірі құқық қорғау ұйымдары арасында қырғыз-тәжік шекарасындағы 2022 жылғы қақтығысқа бірінші болып баға беріп отыр.
HRW ұйымының мәлімдеуінше, екі мемлекеттің қақтығыс кезіндегі көптеген әрекеті «соғыс қылмысына теңестірілуі мүмкін».
Баяндамада бейбіт тұрғындар мен жедел жәрдем көліктерін атқылау, жарылғыш заттарды жосықсыз қолдану, әскерилердің адамдарды сот-тергеусіз өлтіру, бейбіт тұрғындардың үйі мен мүлкіне өрт қою жағдайлары сипатталған.
Ұйым екі ел үкіметін «халықаралық гуманитарлық құқықтық өрескел бұзғандарды» жауапқа тартуға, қарулы күштерді қақтығыс жағдайында халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын ұстануды үйретуге шақырады.
Сондай-ақ, құжат авторлары екі ел арасындағы демаркация туралы келіссөздерде шекара маңындағы жұрттың «білім алуға, қалыпты үй-жайға және суға» деген құқығы ескерілуі керек дейді. Жері құнарлы бұл өңірлерде су тапшылығы байқалады.
HRW ұйымының 89-беттік есебі 86 адамнан алынған сұхбатқа сүйеніп жазылған. Ұйым зерттеушілеріне сұхбат бергендердің қатарында 69 адам оқиғадан зардап шеккен не оның куәгері болған, я болмаса қаза тапқан адамның туысы болған. Зерттеушілер 2022 жылғы қазан және қараша айларында оқиға орнында 10 күн жүрген. Олар сондай-ақ дәрігерлердің жазбаларын және өзге де құжаттарды, спутниктен түсірілген суреттерді, оқиға кезінде және одан кейін түсірілген 12 видеоны саралаған. Сонымен қатар авторлар лазермен бағытталатын әуе бомбасының әсерін және жедел жәрдем көліктеріне шабуылдардың ықпалын анықтау үшін 3D модельдеуге жүгінген.
Құқық қорғау ұйымының өз есебінде қақтығыстың әскерилерден гөрі бейбіт тұрғындарға әсерін назарға алған.
HRW 37 адамның қазасын және 36 адамның жарақат алғанын құжаттаған. Қаза тапқаны құжатталған адамдардың бесеуі – бала. Ал «ресми дерек пен БАҚ хабарына қарағанда төрткүндік қақтығыс кезінде кемі 51 бейбіт тұрғын мерт болған, 121 азаматтық тұлға жарақат алған» дейді HRW. Бұдан бөлек қарулы күштер қатарында да қаза тапқандар бар.
Қақтығыс кезінде Қырғызстанда 100 мыңнан астам адам көшуге мәжбүр болған. Ал Тәжікстан өз аумағында қанша адамның қоныс аударғанын жарияламады.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 970 шақырымдық шекара әлі демаркацияланбаған. 17 сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров шекараны демаркациялау процесі «баяулағанын» айтты. Оған себеп – Тәжікстанның 1924 жылғы картаға сүйенуі деді ол.
newstaraz.kz