Кәрім Мәсімовтің қамаудағы мерзімі 6 мамырға дейін созылды
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің қамаудағы мерзімі 6 мамырға дейін созылды, деп хабарлады жергілікті ақпарат құралдары.
Ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасарлары Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин 6 және 8 мамырға дейін қамауда отырады.
Қазақстан үкіметін екі мәрте басқарған 56 жастағы Мәсімов «мемлекетті сатты» деген айыппен қамауға алынған. 6 қаңтарда арнайы қызмет басшысы қызметінен алынған Мәсімовтің ұсталғанын билік Қанды қаңтар оқиғасынан екі күннен соң хабарлады.
Кәрім Мәсімов ұзақ жылдар бойы бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді адамдардың бірі болды. Мәліметтерге қарағанда, оның үстінен қозғалған қылмыстық іске «Аса құпия» белгісі қойылған. Мәсімов ұсталғаннан біраз уақыт өткен соң оған «билікті күшпен басып алуға талпынды», «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыптар қоса тағылғаны мәлім болды. Мәсімовпен бірге оның екі орынбасары да ұсталған. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінде ұзақ отырған Самат Әбіш те қызметтен алынды.
Осы аптада Кәрім Мәсімовті қолдау мақсатында іске қосылған онлайн-ресурста бұрынғы шенеуніктің денсаулығы нашарлағаны туралы жазылды.
Наурыз айында ҰҚК Мәсімовтің шетел өкілінен құпия бір келісімге қатысты екі миллион доллар пара алған деген күдікке қалғанын хабарлады.
Арнайы қызмет мемлекетті сату, билікті күшпен басып алу, аса ірі көлемде пара алуы айыптары бойынша 15 істі тергеп жатыр. Мәсімов пен оның бұрынғы үш орынбасары да осы істер аясында күдікті атанған.
newstaraz.kz