Көлсай, Шарын және Алтын Емел ұлттық паркіндегі аумақтар инвесторларға пайдалануға беріледі
«Алтын Емел», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық паркіндегі жер телімдері туризм және рекреация қызметін дамыту мақсатында үш инвесторға ұзақ жылға пайдалануға беріледі. Олар жобаға 14,5 млрд теңге жұмсамақшы. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, биыл жыл басында ұйымдастырылған байқаудың нәтижесінде:
«Шарын» ұлттық паркі бойынша – «Таунтон Плюс» ЖШС құрамындағы консорциум атынан QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі;
«Көлсай көлдері» бойынша – «Атырау-Рент» компаниясы;
«Алтын Емел» бойынша Asemtal компаниясы құрамындағы консорциум атынан QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі жеңген.
Байқауға жалпы 6 өтініш келіп түскен. Үш ұлттық паркті дамыту концепциясын жүзеге асыруға 14,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады: «Шарын» ұлттық паркіне – 4,5 млрд теңге, «Көлсай көлдеріне» – 5 млрд теңге, «Алтын Емелге» – 5 млрд теңге жұмсалады деп айтылады.
Министрлік мәлімдемесінде концепцияны талқылауға «қабылданған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін» құрылған қоғамдық кеңес мүшелері қатысты деп жазылған.
«Тұжырымдамада туристік маршруттар мен соқпақтардың дамуына, туристік нысандарды күрделі құрылыссыз орналастыруға басты назар аударылған. Сонымен бірге қазіргі заманғы визит-орталықтарын, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ ауылдары мен керуенге арналған орындар құру көзделген» делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство сонымен бірге Алматы тобындағы ұлттық парктердің бас жоспарына экотуризм инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша өзгерістер енгізілгенін атап өткен.
Наурыз айының соңында Іле Алатау ұлттық паркінің жалпы көлемі 187,7 гектар болатын 35 аумағы жекеменшікке пайдалануға берілетіні хабарланған еді. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, экология министрлігі артынша оған қатысты жарияланған тендерлер мен байқау туралы хабарландырулардан «техникалық ақау» кеткенін айтып, хабарламаны алып тастаған. Ұлттық парктің ресми сайтында алдағы уақытта тендер мен байқауға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, «ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ұлттық парктің қоғамдық кеңесі отырысы» өтетіні жазылған.
newstaraz.kz