Кәрі анасын үйінен қуып жіберген ақтөбелік ерлі-зайыптылар жиеніне де күн көрсетпеген
Көрнекі сурет: vk.com
«2011 жылдың аяғында анам қайтыс болды. Артымнан ерген інім мен сіңілім бар. Нағашы әжеміздің қолына барып тұрдық. Жеңгем үшеумізді аш-жалаңаш қалдырды. Тойып тамақ жеген емеспіз, бүтін киіміміз қалмады. Ағамнан біздің жәрдемақымызға бауырларыма киім алып беруін сұрадым. Жәрдемақының құжатын әлі дайындамағандарын айтты. Ол ақшаны 1,5 жылдан бері алып тұрғанын кейін білдік. Қамқоршылық бөліміне хабарласамын дегеннен кейін ғана мені колледжге түсірді. Оқып жүрген кезімде «бала бағасың» деп үйге алып кетеді. Қақаған суықта 13 жастағы інім резеңке етікпен мал жайлап жүретін еді»,- дейді Жарқын.
Анасынан ерте айырылып, жетімдікті көріп өскен Жарқын (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілген) 20 жасында бөпелі болған.
«2013 жылы қаладағы балалар құқын қорғау департаментіне бірнеше рет бардым. Олар «сен өтірік айтып отырсың» деп сенбеді. Кейін тексеріс жіберіп, біздің жағдайымызды өз көздерімен көрді. Ағама бізге алған тамақ пен киімдерді чекпен көрсету міндеттелді. Аға-жеңгем ертеңіне бізден бас тартып, арыз жазды. Мен оқуда жүргенде інім мен сіңілімді Алға балалар үйіне жіберген. Інімді қалаға оқуға орналастырып, сіңлімді отбасылық асыраушының қолына бердім»,- дейді Жарқын.
Шешелерінің үйін иемденіп алған аға-жеңгесі жетім балалардың артында қалған үйге де көз тігеді.
«Табанталдағы үй үшеуміздің атымызда тұр. Аға-жеңгем оқуда жүрген маған сол үйді сатамыз деп күнде келеді. Оқуда маза бермеген соң олардан басқа колледжге ауысып құтылдым»,- дейді ол.
Қиыдық көрген ол 19 жасында тұрмысқа шығып, отбасылық өмірден де бақытты болмағанын айтты.
«Күйеуіммен де жараспадым, ажырасып жатырмыз. «Ешкімің жоқ жетімсің!», — деп аузына келгенін айтады. Қазір «қызымды алып кетемін» деп қорқытып отыр. Үш айлығында баланы бөліске саламын деп сотқа апарды. Ондағылар бір жастан кейін деп қайтарып жіберді. Мен баспанам болмағаны үшін баламнан айырылғым келмейді»,- дейді ол.
Күйеуі ренжіскен кездерінде 3 айлық қызды балалар үйіне тапсырып жіберген.
«Жолдасым 3 айлық кезінде баланы «Үміт» сәбилер үйіне тапсырып жіберді. Сол кезде екеуміз ренжісіп қалып, мен пәтер іздеп шығып кеткен болатынмын. Туыстарымның үйіне бара алмадым. «Екі күнге қарай тұр» деп қасына тастап кеткен едім. Келсем бала жоқ. Анасы екеуі баланы құжаттарымен бірге балалар үйіне тапсырып кеткен. Балам сол жерде екі апта жатты. Анасы екенімді дәлелдеп, қызымды әрең қайтарып алдым. Жолдасым «бала менікі емес, алимент төлемеймін» деп те айтты. Енді осы баланы тартып аламын деп таласып отыр»,- дейді тағдырын баяндаған жас ана.
Ешқандай кірісі жоқ, жұмыссыз отырған ол өзінің қызымен бірге тағы бір сәбиге күтуші болып, жан бағып отыр.
«Мен тек баламды өзімде қалдыруды қалаймын. Басқа ештеңе керек емес. Бала күтуші ретінде қосымша жұмыс істеп жүрмін. Сонымен пәтерақысын төлеймін. Мен ешкімнен аузымды ашып көмек сұрағым келмейді. Қол-аяғым сау, өзім де амалдаймын. Тек баламды өзіме қалдыруға көмектесетін адамдар табылса екен», — дейді ол.
Еске сала кетейік, NUR.KZ порталы ұлы мен келіні соққыға жыққан кейуананың тағдыры туралы материал жариялаған болатын. 75 жастағы Әжібек әжей бүгінде қызының қолында тұрып жатыр. Ал жетім қалған Жарқын Әжібек әжейдің жиені болып келеді.
newstaraz.kz