Ақтөбеде орыс тілінде “акцентпен” сөйлегені үшін мұғалім жұмысынан қуылды
Мектеп директоры. Фото: kerek-info
Ақтөбе қаласының Қарғалы ауылындағы №53 орта мектептің мұғалімін орыс тілінде дұрыс сөйлемегені үшін жұмыстан шығарып жіберген деп хабарлайды kerek-info тілшісі.
Бес жылдық тәжірибесі бар маманның біліміне ата-аналар күдік келтірді. Оларға мектепалды дайындық класына жетекшілікке барған мұғалімнің орысшасы ұнамай, жақында ғана жұмысқа тұрған бастауыш сынып мұғалімін жұмыстан шығаруды талап еткен.
Бұл жағдайды мектеп директоры Жәния Романова түсіндіріп беріп, мұғалім жұмыстан өз еркімен кеткенін айтты.
«Біз – аралас мектеппіз. Орыс кластарына сабақ беретін маман өте тапшы. Екі мектепалды дайындық класына мұғалім жоқ. Мұғалім бұрын бес жыл орыс мектептерінде, балабақшаларда жұмыс жасаған. Еңбек кітапшасында бәрі жазулы тұр. Менің алдыма келгенде де орыс тілінде еркін сөйлеп тұрды. Тәжірибесі бар мұғалім болған соң қызметке алдық. Үш айлық сынақ мерзімімен өз жұмысына кіріскен болатын. Бұл топты 14 қыркүйекке дейін жоғары дәрежелі мұғалім Валентина Петрова оқытқан еді. Жас маман келген соң, дайындық сыныбын осы мұғалімге тапсырдық. Мектепалды дайындық класындағы бір оқушының ата-анасы мектеп әкімшілігіне ескертпестен мұғалімнің сабағына кірген. Сонда мұғалімнің сабақ беру әдісі ұнамаған болу керек, кейін 12 ата-ана қол қойған арыз-шағым алдым. Менің ойымша, ата-аналар бұған дейін сабақ берген мұғалімді қайтарып алғылары келген сияқты. Өйткені, ол көп жылғы тәжірибесі бар, жоғары категориялы маман. Бірақ, бізге келген жас маманды біз оқытып, үйретуге міндеттіміз. Жаңа оқу жылы басталмай жатып, ата-аналар тарапынан осындай жауап алған мұғалім өз еркімен жұмыстан кетті,- деді ол.
Жаңадан келген жас маманның біліктілігіне күмән келтірген ата-аналардың бірі Айжан былай дейді:
— Жас мұғалімнің жеке басында жұмысым жоқ. Бірақ, ол орыс тілінде мүлдем білім бере алмайды. Қазақша ойлап, оны орыс тіліне аударып жеткізеді. Балаларға теріс білім беретін мұғалім керек емес. Баламыз үйге келген соң сөздерді қате айтады. Орысша акцентпен сөйлейді.
№53 орта мектептің мектепалды дайындық класында 22 оқушы оқиды. Осы кластың тағы бір ата-анасы Сәуле Құлсаринаның айтуынша, осы оқиғадан кейін сынып екі топқа бөлінген.
«Неге қарсы болып жатқанын түсінбеймін? Өте білімді, сыпайы, сабырлы қыз еді. Балаларымызды шығарып салып, күтіп алатын. Қашан да балалармен бірге жүретін. Айтқан әңгімелері де, сөз саптаулары өте орынды мұғалім еді. Мысалы, менің балам балабақшаға қанша жыл барса да, үйренісе алмады. Ал мектепке тез сіңісіп кетті. Оның өзі мұғалімнің баламен өте жақсы жұмыс жасайтынын білдіруі керек. Қазір ата-аналар екі топқа бөлінді, біреулері жақтайды, біреулері даттайды. Мен мұндайды түсіне алмаймын, мұғалім ата-анаға емес, бастысы оқушыға ұнау керек. Ал жас мұғалім оқушыларға ұнайтын»,- дейді ол.
Атап айту керек, №53 орта мектепте бірінші сыныптардан бесеу. Олардың 4-уі орыс тілінде оқиды.
newstaraz.kz