Кірген адам тірі шықпайды: Атынан ат үркетін еліміздегі ең «қауіпті» елді мекендер қандай? (фото)
Көрнекі сурет
«Халық айтса, қалып айтпайды». Сондықтан да ел арасында жылдар бойы қалыптасқан түрлі стереотиптерге құлақ аспауға болмайды. Мәселен, кез келген қоғамда атынан ат үркетін қылмыс әлемінің серкелерінің болуы заңды десек, сол сияқты ел арасында өзінің бұзақылығымен аты шығып, жұрттың үрейін туғызатын өңірлер де жоқ емес. NUR.KZ порталы 90-жылдары елді-мекендерді уысында ұстаған «криминалды» аудандарды назарға ұсынады.
Қазақстанның әр өңірінде жергілікті тұрғындардың үрейін ұшырған қауіпті аудандарға баруға бөтен адамның жүрегі дауаламаған. Бұл туралы ел тұрғындары еске алады.
Головкиннің «Майқұдығы»
Қарағанды облысындағы Майқұдықтың атағы жер жарып тұрған кезі 90-жылдардағы елдегі тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келген. Халық арасында «Макен» деген атаумен танымал бұл елдімекен Қарағандының солтүстік-шығысында орналасқан.
Қауіпті аудандағы жергілікті тұрғындардың айтуынша, сол кезеңде Майқұдықтың өз заңы болған. Жасөспірімдерден құралған бандалар тобы көшеде жалғыз жүргендерді аяусыз тонап, соққыға жығып, тіпті өлтіріп кетуі де мүмкін еді. «Мәмлүктер», «моңғолдар» деп аталатын осы секілді бірнеше бұзақылар тобының бассыздығы елдің үрейін ұшырып, жергілікті тұрғындардың зәре-құтын қашырған.
«Жас кезімізде Майқұдықтағы бірнеше аудандағы балалар бір-бірімен жаппай төбелеске шығатын. Әлсіздер Майқұдықта өмір сүре алмайтын. Ал онда келген өзге жердің адамының ақшасы тоналып, өзі соққыға жығылатын. Сондықтан кішкентай кезімізден үй ауласында спортпен айналысып, денемізді шынықтыратынбыз. Кей балалар арнайы пышақ ұстап жүретін», — деп есіне алады аудан тұрғыны Валерий.
Ал қазақтың атын әлемге танытып жүрген Головкин неліктен бокспен айналыстыңыз деген сұраққа: «Себебі, мен Майқұдықтанмын ғой», — деп әзілмен жауап берген.
Алматы облысындағы «Нұра» ауылы
Алматы облысындағы Нұра ауылында (бұрынғы Октябрь) қылмыстық топтар бертінге дейін салтанат құрып келген. «Бродяги» мен «Тайфун» деп аталатын топтар өзара атысып, жергілікті тұрғындардың мазасын алумен болған.
Олар тәуліктің кез келген уақытында көшедегілерге оқ жаудырып, ауылға келген бөтендерді үркітіп-қорқытатын. Сонау 80-жылдары бұзақылығымен аты шыққан «октябрьліктер» тұрғындардың шінде сотталғандар саны өте көп.
Атыс-шабыс, жаппай төбелеске әуес жасөспірімдер өздерінен үлкендердің әрекетінен үлгі алып, өздері де қылмыс әлемінің түсінігі бойынша беделді болуға барыншы тырысатын болған.
Ал көрші ауылдың таксистері бұл ауылға барудан мүлдем бас тартады.
«Бармаған жерім Нұра болсын», — деп әзілдейтін олар ол жердің өзгелер үшін аса қауіпті екенін алға тартады.
2010 жылы Нұра ауылында бүкіл республиканы дүрліктірген жайт орын алды.
Мектеп директорының үйінде жас жігітті жерлеу рәсімі болып жатқан. Ел жиналған сәтте үйдің маңына екі көлік келіп тоқтап, ішінен қаруланған бір топ бала келіп түседі. Олар жиналған жұртқа жапа-тармағай оқ ата бастайды. Нәтижесінде сондағы әйелдердің бірі қайтыс болып, оның күйеуі ауыр жарақат алған.
Қызылордадағы «Шанхай»
Қызылордалықтар қаладағы «Шанхай» деп аталатын бөлігіне баруға бұрыннан қорқады. Мұндағы 80-жылдары басталған бұзақылық әрекеттер туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар.
«Шанхай десе елдің бәрі қорқатын. Жасөсіпірім кезімде «Шанхайдағы» көптеген топтардың бірінде болдым. Қалтамызда обрез, күні-түні жаттығу жасап, үйлердің бұрышына тығылып, темекі тартатынбыз. Қаладағы өзге аудандармен балаларымен жаппай төбелеске шығатынбыз. Қаладағы ең сұлу қыздарды меншіктегіміз келетін. Балалық шығар.
Кейін оқуға түсіп, Алматыға келдік, мұның бәрі көрген түстей өте шықты. Кеңес үкіметінде қолдан обрез жасап, соны ұстайтынбыз. Оны көбінесе ересектер ұстайтын. Бірақ қолында обрезі барлар нағыз «батырлар» саналатын, — дейді қызылордалық Асқар.
Сол жылдары бірге болған достарының сексен пайызы кісі өлтіріп, сотталып кеткенін еске алған Асқар мұндай бұзақылық жақсылыққа апармайтынын айтты.
Ал бүтін бір Қызылорданы «уысында ұстағысы келген» бұзақылардың бірі «Шанхайлық Муха» есімімен танымал болған. Кеңес үкіметінен бері «Шанхайды» ұстап тұрған ол бірнеше мәрте сотталған. 2008 жылы ұсталып, оған көптеген қылмыстарды жасауға қатысы бар деген айып тағылды.
Қойнауы тарихқа тұнған «қылмыстық» Тараз
Тараз қаласы тек мыңжылдыққа созылған тарихымен ғана емес, тұрғындарының қызуқандылығымен де ерекшеленеді. Мәселен, Тараздың көшелерінде атыс та, төбелес те жиі болып тұратынын ақтанышпен айтқан жігіт ондағылардың намысты көп нәрседен жоғары қоятынын айтқан.
«Тараздықтар қатты намысшылмыз. Біз көп нәрсені көтере бермейміз. Мәселе сабырдың жоқтығында емес, біз жай ғана өзіміздің басымыздан сөз асырғанды жақсы көре бермейміз», — деп ағынан жарылған жігіт.
1990 жылдары бұл өңірде үш ірі қылмыстық топ болған. Олар бір-бірімен қатты жауласқаны соншалық, ел көп жиналған жерде бірін-бірі пышақтап, атып кете берген. Еліміздегі ең криминалды қала саналған Таразға өзге өңірлер үреймен қарағаны да өтірік емес.
«Беделді тұлғалардың» жерлеу рәсіміне жүздеген адам жиналып, ондаған қымбат көліктер көшелер бойымен жүріп өткен. Ал аға буыннан үлгі алған тараздық студенттер көлікпен келіп, ашықьтан ашық бір-біріне оқ ататын.
Алматының «Татаркасы»
Қарағандыда Майқұдық болса, еліміздің мәдени астанасы Алматыдағы «Татарка» деп аталып кеткен шағын ауданның да қорқынышты тұстары ел арасындағы әңгімелерге арқау болған.
«Студент болдық, Алматыда жұмыс істеуге қалдық. Отбасымызбен пәтер жалдап тұратынбыз. Көбінесе жергілікті тұрғындар үйінің жертөлесінде тұратынбыз. Міне, сол кезде Алматының шығыс бөлігінде орналасқан «Татарканың» атағы жер жарып тұрған кезі. Жертөледе тұратын студент қыздарды зорлау, кісі өлтіру деген, тонау өте көп тараған.
Биік-биік қоршаудың ар жағындағы үйлерде не болып жатқанын ешкім білмейді. Талай қыз жоғалып, талай жасөспірімнің мәйіті табылған жер. Түн ішінде тұрғындар үйінен шықпайды. Алматыдағы ең үрейлі әрі қауіпті аудан осы болды. Жоғалған қыздарды көбі осы Татаркадан табылды дегенді жиі естуші едік», — деп есіне алады Раиса есімді келіншек.
Шығыс Қазақстан, Приозерный (қазіргі Тұғыл)
Шығыс Қазақстан облысындағы Приозерный ауылы да ел арасында үрей тудыратын. Онда қылмыстың көптігі сонша, кісі өліміне тұрғындардың еті үйреніп кеткенін айтады көршілес ауылда тұрған Нұргүл.
«Приозерныйда күнде өлім, күнде атыс болады деп еститінбіз. Олардың жігіттері аса бұзақы, мінездері қиын, кез келген нәрсеге ашуланғыш болып келеді дейтін. Сондықтан анамыз Приозерныйдың жігіттеріне жоламаңдар» деп ескертіп отыратын. Құрбымның ағасы Алматы оқыған қызының үйіне Приозерныйға барып, қайтпаған. Жергілікті жігіттер қызымызды бермейміз, деп соққыға жығып өлтірген», — дейді Нұргүл.
Айта кету, Баян Есентаеваның бұрынғы жары Бақытбек Есентаев та дәл осы елдімекеннің тумасы.
Ақтөбенің Шалқар ауданы
Қылмыс туралы әңгіме бола қалса, ақтөбеліктер Шалқарды есіне жиі алады. Ел арасында шалқарлықтардың қиын мінезі туралы алып қашпа әңшімелер көптеп тараған. Олардың да өз ауданы ішінде өз заңы, беделді «тұлғалары» аз емес. Танымал әнші Асхат Тарғын бір сұхбатында «Шалқардан шыққанын мақтанышпен айтатынын және өзінің де шалқарлықтарға тән мінезі бар» екенін жасырмай айтып қалған.
Семейліктердің Аягөзі
Елдің Семей тұрғындары да топтасып қылмыс жасап, көрші аудандардағы «авториттермен» жаппай төбелес ұйымдастырып, атыса кетуден ешкімнен қалған емес. Керісінше, семейлік жігіттердің ішінде жергілікті аймаққа ғана емес, республикаға танымал «беделділер» шыққан.
Семейдің, әсіресе Аягөз бен Жаңғызтөбе бекетіндегі жігіттер қауіптілердің қауіптісі саналады. Санақ ақсақал осы өңірдегі жігіттермен қалай шайқасқаны туралы сыр бөліседі:
«Мен ол кезде елуден асқан едім. Қарашаның қара суығы. Су жаңа «Волгамызбен» Алматыда белді мемлекеттік қызметкерлер бар, бірнеше адам Зайсанда болған жер сілкінісіне бола кетіп бара жатқанбыз. Жолда көлікке жанармай құю үшін Аягөзге жанармай бекетіне тоқтауға тура келді. Ала қараңғы. Кешкі уақыт.
Ол кезде елде көлік те көп болмайды. Бір кезде жанармай бекетіне бір Жигули тоқтай қалып, ішінен қаруланған төрт жігіт шықты. Біздің көлікке келіп, шығуымызды бұйырды. Аягөздің баскесерлері туралы көп еститінбіз. Алматылық нөмір болған соң аңдып келген екен. Дәп сол сәтте жүргізушіге көлікті бас деп бұйырдым. Артымыздан атып жатты, абырой болғанда оларды жеткізбедік», — деп есіне алады ақсақал.
newstaraz.kz