Мұхтар Тайжан митингке қатысушыларды айыптаған Артур Платоновқа ескерту жасады
Мұхтар Тайжан. Фото: time.kz
Бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында Құқықтық бағыттағы жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан арнайы органға үндеу жасап, азаматтарды қудалауды тоқтату туралы мәселе көтерді.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
«Мен отырыс барысында қудалау тақырыбына тағы тоқталғым келеді. Біздің жұмысымыз осында жақсы жүріп жатыр, талқылаулар бар. Алайда, елімізде не болып жатқанын біз көріп отырмыз. 31 мамыр Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, ал елімізде 21 күні Алматыда Әнұранды айтып жүрген қыздарды полиция алып кеткен. Жетпістен асқан апаларымызды, аталарымызды полиция алып кеткен ол қалай?» — деді Мұхтар Тайжан.
Оның айтуынша, комиссия аясында жақсы үрдіс басталды. Билік пен халықтың арасында келіссөз жүріп жатыр.
«Алайда, бір қолымен келіссөз жүргізсек, екінші қолмен халықты қудалап жатырмыз. Митингке шыққан азаматтарды қудаласақ, бұл қалай? Сондықтан да, арнайы органдарға үндеу жасап, бұны тоқтатуға тиіспіз», — деді Тайжан.
Сонымен қатар, ол осы аптада Бас прокуратура орынбасарымен кездесу өткізгенін, онда жақсы мәселелер айтылып, түсіністік болғанын жеткізді. Алайда, кеше бас прокуратурадан қатаң мәлімдеме жарияланып, кейіннен барып, біршама жұмсағырақ мәлімдеме қайтадан шыққан.
«Біз осы қудалауды тоқтату керекпіз. Сосын Артур Платоновқа да ескерткім келеді, осында отырған. Артур, митингке шыққан адамдардың шамына тие беруді қою керек. Олар біздің азаматтарымыз! Олар тәртіп бұзған жоқ, өздерінің пікірлерін айтуға құқы бар, «ақшаға сатылды» деп оларға айтудың қажеті шамалы. Мен осыны өтінемін, өйткені, бұл біздің үдерісіміз үшін аса қажет. Ал бүйте берсек, комиссияның жұмысы тоқтап қалуы да мүмкін. Бәлкім біреулер соған мүдделі шығар. Арнайы пікірлер жазып, ұлтаралық кикілжіңдер туғызғысы келетіндер бар секілді», — деді Мұхтар Тайжан.
newstaraz.kz