Назарбаев қадірі кеткен судьяларға қазақтың билерінен үлгі алуға кеңес берді
Нұрсұлтан Назарбаев
Астанада судьялардың құрылтайына қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халық алдында қадірі кеткен судьяларға қазақтың билерінен үлгі алуға кеңес берді деп хабарлайды КТК арнасы.
«Төле би, Қаз дауысты Қазыбектің, Әйтеке бидің, Бұқар жыраудың айтқандарын оқыңыздаршы, қандай сөзбенен, екі жақты татуластырған. Сөйтіп, келісімге келіп малын, айыппұлын төлеп дауды шешіп отырған. Негізіне келетін болсақ содан бері ештеңе өзгерген жоқ. «Әділ биде ағайын жоқ». Білесіздер, қазақпыз, жекжатсыз жұрағатсыз ағайынсыз болмаймыз. Дегенмен елді тәртіпке үйрету керек», — дейді президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Екі сағат бойы шеберлік дәрісін өткізген президент судьяларға халық сенімін қайтарудың жолын да көрсетті. Ол үшін билер тек заңға бағынып үкім шығарарда ешкімге жалтақтамауы тиіс. Өйткені, адам тағдыры ойыншық емес.
Сондықтан Назарбаев сауатсыз соттарды бұл саладан біржола қуып, өздерін жауапқа тартуды талап етті.
newstaraz.kz