Назарбаев «гибридті қауіп» жөнінде айтып, шекара мен армияны күшейту керек деді
Қазақстанның экс-президенті әрі Қауіпсіздік кеңесінің өмір бақи төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 19 мамырда «гибридті қауіп» және «ассиметриялы соғыс» туралы айтып, елдің Қарулы күштері дайын болуы керек деді.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Мамин қатысқан Қауіпсіздік кеңесінің отырысында 2030 жылға дейінгі армияның дамуы мен шекаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұжырымдамасы қаралған.
Назарбаев Қазақстан әскери құрылыстың жаңа тәсілін әзірлеу керектігін айтты.
«Біріншіден, бізге тек дәстүрлі емес, ассиметриялық соғысқа да дайын болуы керек. Екіншіден, бірінші планға гибридті қауіп төніп тұр. Үшіншіден, әскери тайталас технологиялық қамтамасыз ету деңгейімен анықталады. Соңғы жылдардағы Сириядағы, Таулы Қарабахтағы соғыс спутниктік бақылаудың, коммуникация мен навигацияның маңызды екенін көрсетті. Болашақтың армиясы ұшақсыз ұшқыш, жоғары дәлділік қару секілді жаңа технологияны енгізумен анықталады», — деді ол.
Сыртқы саясатта көпвекторлық курсты таңдаған Қазақстан көрші елдермен достық қарым-қатынасының берік екенін, шекара бойынша дау жоқ екенін айтып келеді. Ел сонымен бірге өзге мемлекеттердің жанжалында бітімгерлік рөлін атқаруға тырысып келеді.
Қазақстан 2020 жылдан бастап ұлттық қауіпсіздік комитетіне кіретін шекара қызметін қайта құрылымдап жатыр.
Назарбаев 19 мамырда өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы кезінде Қазақстанға шекараларды барлық қауіптің түрінен қорғауды қамтамасыз етуіміз керектігін айтты. Ол сонымен бірге шекара маңындағы ауылдарды дамытуға шақырды.
«Шекараға жақын елді мекендерді жаппай жабуға жол бермеуіміз керек. Ол аймақтарда инфрақұрылымдарды дамытуымыз керек. Бұл аймақтар экономикалық жағынан мықты болуы керек», — деді Назарбаев.
newstaraz.kz