ОҚО-да киелі жерге түнеп шыққан қыз сол бойда тұрмысқа шығып кетті
Фото: zamana.kz
Ел ішінде тұрмысқа шықпай, оң жақта отырып қалған қыздар ОҚО-дағы Қыз әулиеге зиярат ете барса бағы ашылып, күйеуге тиіп кетеді деген түсінік бар деп жазады Замана басылымы.
Автордың жазуынша, Қыз әулиенің басына барып үш рет тәуеп еткен сіңлісі отбасылы болған.
«Жасы келсе де жарасымды жұбын таба алмаған жан алғашқыда жеті шелпегін пісіріп барып, зиярат барысында бойын, рухын тазартып қайтады. Екіншісінде жолына кедергі болып тұрған түйіні тарқатылуы үшін түшпара не манты түйе барса дұрыс делінеді. Ал үшіншісінде сондағы шырақшы апа ұлды – үйлендіргелі, қызды – ұзатқалы жатқандай жол-жобасын жасап, тақия мен сәукеле кигізіп, уағызын айтады. Батасын беріп, «Артыңа қарама, қалқам», – деп шығарып салады. Тап осылай араға апта сала үш рет барып, өткен жылы отыздан асқан құрбым, биыл туыс сіңлім отбасылы болды. Екеуі де бүгінде танысқан жігіттің ойланайын, танысып-білісейік дегеніне қаратпастан сырға салып, апта ішінде ұзатып алып кеткенін айтып, Қыз әулиенің шарапаты шынында да кереметін айтып», — отырады деп жазады автор.
Сонымен қатар мақала авторы түрлі себептермен ажырасып кеткен тағы бір 29-дағы ер адамның отбасын құрып, бағы ашылғанын мысал етеді.
«Әулиелі мекенге екінші рет барғанымда Сайрам ауданының Қарасу ауылында тұратын түрік әйелдің 29-дағы ұлын ертіп барғанына куә болғанмын. Оның үлкен ұлы түрлі себеппен екі рет ажырасқан екен. Бұған қатты алаңдаған анасы ұлын Қыз әулиеге зиярат етуге ертіп барып, сол жерде жеті шелпек пісіріп, мантысын түйіп, шырақшы апаға Құран оқытып, жиналған көпшіліктен бата алады. Көп ұзамай түсінде баласының бетінің оң жағында тарыдай мең бар, кең маңдайлы бір қызға үйленгенін, оның өзіне инабатпен шай құйып беріп отырғанын көреді. Мұны балам теңін тапса екен деген арманынан көрген жай түс деп қоя салған. Арада екі айдай уақыт өткенде алыс ағайындары көршісінің ибалы да пысық бойжетіп отырған қызы барын айтып, суретін көрсеткенде түсінде көрген келінін танып, құда түсіп барыпты. Бүгінде екі немеренің әжесі атанып отырған ол енді екінші баласының бағы ашылуын тілеп келіп отыр екен», — деп жалғастырды автор.
Айта кетсек, негізі Қазақстанда «Қыз әулие» деген рух қонған бірнеше киелі мекен (Ақтөбе обдлысында, Шығыс Қазақстанның Аягөз ауданында) бар. Олардың бәрі де жаугершілік заманда ер-азаматтармен бірге елі мен жерін қорғау үшін атқа қонып, жанын қиған, халықтың бірлігі мен берекесі сақталуы үшін жанталасқан ержүрек қыздар делінеді.
Ал мақал авторы Шымкенттен Таразға шыға беріс жолдағы, Сайрам ауданына жақын жатқан Қыз әулие мен оның жанындағы жол ашушы рухтар туралы айтады.
«Білетіндер бұл жерде бірнеше қасиетті адам жерленгенін айтады. Алладан тілеп, олардың рухтарына тағзым ете барған пенделердің өнердегі, қаламдағы, қызметтегі, саудадағы, дәулеттегі, отбасындағы қиындықтары оңды шешімін табатынын естіп, көріп-біліп жүрміз. Қыз әулие мен ондағы жол ашушы рухтарды халық тектен-тек тағдырдың қиын түйінін шешуші әулие деп айтпайды екен, соған көзім жетті», — ойын түйіндейді мақала авторы.
[pt_view id=»2216c5d386″]
newstaraz.kz