ОҚО-да студент қызды азаптап өлтірген таксиші марқұмның ұялы телефоны арқылы ұсталған
Әйгерім Оспанбекова, фото: vk.com
Оңтүстік Қазақстанда 2 апта бұрын жоғалған студент қыздың мәйіті табылды. Айгерім Оспанбекова Сарыағаштан Шымкенттегі оқуына таксимен шыққан болатын.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Жолда оны сол көлік жүргізушісі азаптап өлтіріпті. Скочқа оралған мәйітті жырақтау жерге апарып көміп кеткен. Бірақ қаскөй алысқа ұзай алған жоқ. 26 жастағы Сарыағаш тұрғыны қазір тергеушілерге жауап беріп жатыр. Ал Айгерімді бүгін жақындары жер қойнына табыстады.
Екі аптадан бері Айгерімді шарқ ұрып іздеген Сарыағаш жұрты оны енді ақтық сапарға шығарып салды. Мүрдені ауыл жанындағы бейітке қойған жұртта қайғымен қатар, ашу мен ыза басым. Әйгерімнің айуандықпен өлтірілгенін кеше ғана білген ел кінәліні қатал жазаға тартсын деп отыр.
«50-ге жуық студент Шымкентте оқиды екен, осы ауылдың. Егер осындай бола берсе күніміз не болады?…», — дейді Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Орынхан Жүнісов.
Ал, қайғыдан қан жұтқан жақындары болса кешеден бері ес жия алар емес. Айгерімнің әкесі суыт хабарды естігелі қан қысымы көтеріліп, төсек тартып қалған.
«Үміттендік. «Алып қашқан» шығар деп ойладық. Хабаршы келіп қалатын шығар деп. Зұлымдықпен өлтіріп отыр. 3 жерінен пышақ тыққан. Аузын скотчтап тастаған. Қолын сөмкесімен байлап, екі аяғын скотчтап байлап тастапты», — дейді марқұмның анасы Сахида Ахметова.
Ауылынан Шымкенттегі оқуына шыққан Айгерім Оспанбекова екі апта бұрын із-түзсіз жоғалаған болатын. Үш күннен соң бойжеткеннің туыстары мен курстастары, жалпы жүз елуге жуық ерікті бүкіл Сарыағаш пен Шымкентті шарлап іздеді. Соңғы мәрте құрбысына жолдаған хабарламасында такси жүргізушісінен қорқып отырғанын жазған. Қаскөй сол күні-ақ Айгерімді жайратып салыпты.
Айгерімнің денесі өзі тұратын Жаңатұрмыс ауылынан 25 шақырым жерден табылды. Бойжеткенді азаптап өлтірген азғын оны бидай егілген алаң шетіне көме салған. Екі аптадан бері жатып қалған мүрде ит-құсқа жем бола бастаған екен.
Таяз қазылған орды шибөрілер қазып кеткен болуы керек, мүрденің қолы жердің бетіне шығып қалыпты. Оны егістік аралаған диқанның бірі тауып, полицейлерге хабар берген. Ал, күдіктінің өзі Айгерім тұратын Жаңатұрмыс ауылына көршілес Жібек жолы елді-мекенінің 26 жастағы тұрғыны екен. Екі бала тәрбиелеп отырған Әлішер қыздың телефонын қолданып, сол арқылы қолға түскен.
«Күдіктінің айтуы бойынша, Шымкент қаласына жақын «Арғымақ» автомобиль базары тұсында машинасы бұзылып қалған. Содан жолаушы қыздың арасында сөзбе-сөз жанжал туындаған. Күдікті өз машинасындағы отверткамен көкірек тұсынан бірнеше мәрте жарақат салғанын мойындады. Анықталғаны Оспанбекованың ұялы телефонын түнде бір кез пайдаланған. Сосын өз кластасына 11 мың теңгеге сатып жбергені анықталып отыр», — дейді Сарыағаш ауданының прокуроры Нұрғали Асқанбеков.
Қазір елдің Әйгерімді зорлауы да мүмкін деген жорамалы тексеріліп жатыр. Сараптама қортындысы осы күдікті растаса қылмыскердің жазасы айтарлықтай ауырлары анық.