ОҚО әкімі қазақ тойларының жарысқа айналып кеткеніне қынжылды
Бүгінде елдегі тойлар қуанышты бөлісу емес, өзгелермен жарыс бәйгесіне айналып кеткен. Соның салдарынан аста-төк тойлар көбейіп барады.
Бұл туралы Шымкентте өткен форумда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов айтты деп xабарлайды NUR.KZ тілшісі.
«Сөз басында, айлардың сұлтаны — қасиетті Рамазан баршамызға құтты болсын дегім келеді» деп бастаған Атамқұлов бейбіт өмірдің мән-мағынасын ұғындыруға тырысты.
«Мен – бүгін, мына әсем табиғат аясында, асқар Алатауымыздың етегінде өздеріңізбен кездесіп отырғаныма бек қуаныштымын. Сіздер жақсы білесіздер, той-томалақ тек бейбіт заманда ғана көп болады… Мысалға алсақ, қазіргі таңда той өткізу жақын-туғандармен қуанышты бөлісу емес, жарысқа айналып бара жатқанға ұқсайды»,-деп ашынды аймақ басшысы.
Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан әкімі жұртшылық тойда белгілі бір межеге жетіп, өзгелерден асып түсуді мақсат етіп отырғанын жайып салды.
«Басқа біреудің тойынан озып кетсем деген ниет, қуаныш емес, керісінше бәсекеге айналып бара жатқан сияқты. Бұл, өкінішке қарай, ондай азаматтардың биік пайымын көрсетпесе керек. Жағдайы бар адам аста-төк той жасап отырғанда, сол тойға келіп отырған жағдайы орташа адамның көңіл-күйі қандай болмақ? Бұл оның көңіліне қаяу түсірмей ме? Демек, кей ағайын жан-жағына зер салу керектігін ұмытып бара жатқан сияқты. Қолда барды шашып, ертеңге қор жинамайтын дарақылыққа ауысып бара жатыр. Бұл, әрине дұрыс емес»,- деген Атамқұлов бүгінде тойлардағы бейәдеп әрекеттердің менталитетімізге сай емес болып бара жатқанын кесіп айтты.
Одан өзге әкім діни ағымдардың қауіп-қатері туралы да сөз етті. Сондай-ақ, ағылшын тілі — ақпарат ағынына айналғанын атап өткен аймақ басшысы жастарға қазіргі таңда заманауи технологияларды да қолдану үшін ағылшын тілін білу маңызды екенін ескертті.
Айта кетейік, «Ырыс алды — ынтымақ» форумының бастау алғанына биыл сегіз жыл. Жыл сайынғы дәстүр бойынша бұл басқосу өңірдің әр аймағында өтеді.
Биылғы шара табиғаты әсем, қарт Алатаудың етегінде орналасқан Төлеби ауданында өтті. Оған қала, аудан басшылары, жастар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Форум соңында қатысушылар облыс әкімінің ауызашарына қатысты.
newstaraz.kz