ОҚО тұрғыны күзетшілік жұмыс қазақтың ғана маңдайына жазылғанына күйінді
Фото: zamana.kz
Ринат Рафхат есімді оқырманды еліміздің түкпір-түкпіріндегі өндіріс орындары, кафе-барлар, сауда үйлері мен базарлардың тыныштығын жаппай қазақ күзетшілерінің сақтап жүргені таңғалдырады.
«Осы сұрақ мені мазалап келеді. Неге «күзетші» деген кәсіп иелері жаппай қазақ азаматтары? Қазақстанда қоныстанған басқа ұлыстарға бұл кәсіп бұйырмапты. Құдай күзетшілік қылуды тек қазақтың маңдайына жазғаны ма? Қай қалаға барсам да, қай обылыстың аудандарын араласам да арқаларында «күзетші» деген жазу бар ылғи қазақ. Өндіріс орындарын, кафе-барларды, сауда үйі мен базарларды күзететін сол қазақ күзетшісі.
Егер біздің ел тек бір ұлт – қазақтан ғана құралған болса, онда бұл сауалға жауап іздеп бас қатырмас едім. Алайда Қазақстан көпұлтты мемлекет. Десек те өзге ұлт өкілдерінің арасында күзетшілікті кәсіп еткендер (мүмкін мен көрмеген болармын) жоқ деуге болады. Былайша айтқанда, қай салада болмасын, еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің кәсіптері – «жылы жерде» отыру. Ал бұлардың күндізгі және түнгі тыныштығын қамтамасыз етіп, күзететін сол сорлы қазақ тағы да«, — деп жазады ол.
Осылайша бас қатырған оқырман бұл жағдайдың себебін өз бетінше іздеп көрген.
«Бұның салдарының ең бастысы – жұмыстың жоқтығынан ауылдан қалаға көшіп келген қазақтың кәсіп таңдайтын жағдайы жоғы. Әрі осы қазақтардың отбасында жоқ дегенде төрт-бес баладан болғандықтан. Мына нарықтық заман қысқандықтан, жұмыссыз жүргеннен кейін бұл кәсіпке ойланбастан кірісіп кетеді. Бір жағынан бала-шағасының несбесін айыру болса, екінші жағынан алқымнан алған несиесі тағы бар. Сол себептен күзетшілікті қазақ xалқы «патенттеп» алғандай», — дейді Ринат Рафхат.
newstaraz.kz