Оңтүстік Кореяға пластикалық ота жасатып келген шымкенттік қыздың жағдайы қалай?
Мәдина Сәдуова. Скриншот: 31 арна
Бұрын Мәдина үшін күлу де, мойнын ары-бері бұру да мұң болатын. Ал қазір емін-еркін қозғалта алмаса да, икемге келетініне риза. Осыдан бір ай бұрын үмітін арқалап Кореяға аттанған Мәдинаның бүгінде алғашқы отасы сәтті аяқталып, елге оралды.
Оңтүстік кореялық дәрігерлер алдымен бойжеткеннің мойнына пластикалық ота жасапты. Себебі, осыған дейін бірнеше рет мойнына жамалған тері уақыт өте келе тартылып, тіпті соның салдарынан басын көтере алмай қалуы мүмкін деп қауіптенген дәрігерлер.
«Операциялардың ішінде бет, көз, мұрын, ауызды формасына келтіру кезінде ең қиыны осы мойын деп айтқан. Аудармашы солай аударды. Мойыным жазылғанша осылай байлап жүремін. Екі айда жазылып кетуі мүмкін. Одан кейін қатты қалып керек. Жасағанның формасын сақтап тұру үшін. Соны күніне 20 сағат тағып жүремін», — дейді Мәдина.
Отаның күрделі болғаны соншалықты бес сағатқа созылған. Кейін денсаулығы сыр беріп, оның үстіне наркозды шамадан тыс алған Мәдинаға дәрігерлер бет-әлпетін қалпына келтіру үшін жасалатын отаны кейінге қалдыруды айтыпты.
Бірақ, араға алты ай салып бойжеткен қайтадан пышаққа түспек.
Тағдыр тәлкегіне түскен Мәдина «ендігі арманы ел қатарлы жұмыс істеп, өз күшіммен аяққа тұру» дейді.
newstaraz.kz