Оливер Стоун Назарбаев туралы 8 сағаттық деректі фильм түсірді
Америкалық белгілі режиссёр Оливер Стоун Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Qazaq. Алтын адам тарихы» деп аталатын сегіз сағаттық деректі фильм түсірді. Бұл туралы режиссёрдің өзі әлеуметтік желідегі парақшасына жазып, фильмнің екі минөттік трейлерін жариялады.
Мәлімдемесінде Стоун бұл фильмнің премьерасына қатысу үшін Қазақстанға бара жатқанын жазған. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда фильмнің қысқартылған екі сағаттық нұсқасы көрсетіледі. Онда Қазақстанның тұңғыш президентінің балалық шағы мен Совет Одағының құлауы туралы болмақ.
Оливер Стоун – америкалық кинорежиссёр, сценарист және продюсер. «Оскар» сыйлығының үш мәрте иегері.
2017 жылы ол «Путинмен сұқбат» деп аталған екі сағаттық деректі фильм мен кітабын шығарған. Онда Ресей президенті Донбасста апатқа ұшыраған малайзиялық «Боинг» ұшағы туралы да сөз етіп, ол құлаған маңда Киев әуежайында «испандық» диспетчер MH17 рейсінің жанынан украиналық әскери ұшақты көргенін айтқан. Бірақ шын мәнінде әуежайда ешқандай «испандық» диспетчер болған емес.
Бұдан бөлек Стоун Фидель Кастро туралы үш деректі фильм түсіріп, түрлі жылдардағы латын америкалық диктаторлармен көлемді сұқбаттар үйымдастырған.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1990 жылдан 2019 жылға дейін басқарған. Батыс өлкелері оны адам құқықтарын бұзуға және азаматтарын «жеке басқа табынуға» дейін жеткізді деп айыптап келген.
Назарбаев тұсында Қазақстан сөз еркіндігі және демократияның дамуы бойынша әлемдік рейтингтерде үнемі соңғы орындарда тұрған.
Бүгінде ол – Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және биліктің «Нұр Отан» партиясының төрағасы.
newstaraz.kz