Орталық Қазақстан су тасқынына дайындалып жатыр
Былтырғы су тасқынынан қатты зардап шеккен Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы жұрты су тасқыны қаупіне дайындалып жатыр.
Билік тұрғындарға жүзу құралдарын әзірлеуге кеңес береді деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Былтыр су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды облысындағы кей елдімекендер тұрғындары су тасқыны қаупіне дайындала бастады. Біреулері аула, қорасындағы қарды аулаққа тасып, арық қазып жатса, енді біреулері үй шатыры сияқты биіктеу жерлерге заттары мен жиһаздарын көшіріп, су жайылса қорадағы малды айдап апаратын орын қарастырып отыр.
Ауыл тұрғындарының әзірлігі
Болуы мүмкін су тасқынына Ғабиден Мұстафин атындағы кент тұрғындары да дайындалып жатыр. Былтыр тасқын кезінде мұнда жүздеген үй бүлініп, кісі өлімі де болған.
«Несиеге алған жиһазымызды Теміртаудағы туыстарымыздың үйіне апарып тастадық. Енді ондай ештеңе сатып алмаймын, өйткені былтыр тасқыннан келген зиян үшін аз ақша төледі. Осылай біртіндеп дайындалып жатырмыз. Үлгерсек, тағы біраз дүниелерімізді апарып тастаймыз, кей заттарды шатырға шығарамыз, бірақ онда егеуқұйрық бар. Кентте егеуқұйрық көбейіп кетті. Мүмкіндік болса, қаладан баспана жалдап, бүкіл заттарымызды апарып қояр едік, бірақ оған ақша жоқ, жалақымды кешіктіріп жатыр», — дейді Мұстафин кенті тұрғыны Светлана Алантьева Азаттық тілшісіне.
Су тасқынына Нұра станциясында тұратын Сыздықовтар отбасы да әзірленіп жатыр. Былтыр олардың қираған үйінің орнына жаңа үй салынған. Жиһаз бен техниканың көбі жарамсыз болып қалған.
«Бәрін қалай аман алып қаламын деп ойлап, талай күннен жөнді ұйықтай алмай жүрмін. Су тисе, тоттанып қалмасын деп шаруашылықтың кей заттарын гаражға биік сөрелер қағып, соған шығарып қойдым. Тұрмыстық техника, палас сияқты кей заттарды да жоғарыға қойдық, тағы біразын шатырға шығарамыз. Эвакуация жарияланса, өзімізбен алатын заттарды, құжаттарды, қымбат бұйымдарды жеке буып қойдық, — дейді Серік Сыздықов.
Нұра станциясында тұратын Серік Сыздықов. Қарағанды облысы, 24 ақпан 2016 жыл.
Ауыл тұрғындарының көбі сүрілген үйлердің орнына салынған үйлері бұл жолы онша бүлінбейтін шығар деп үміттенеді. Өйткені олардың іргетасы биік етіп құйылған әрі қабырғалары блоктан қаланған, ал бұрынғы үйлер көбінесе саманнан соғылған болатын.
«Негізі қорқынышты. Қазір кентте кіммен сөйлессең де тасқынды айтады. Су жайыла бастаса, бүкіл жиһазды бұзып, шатырға шығарамыз, өйткені жаңасын сатып алуға шамамыз жоқ», — дейді Мұстафин кенті тұрғыны Юлия Малышева.
Бірақ ескі және жаңадан салынған кей үйлердің тұрғындары қабырғаларында аздаған сызаттары бар, сыз тартқаны байқалатын баспаналары үшін бәрібір уайымдайды. Байырғы тұрғындар шенеуніктер биыл дұрыс қимылдап, ауылдарды су басуына жол бермейтін шығар деп үміттенеді.
ТЖД кеңестері
Ресми ақпаратқа сәйкес, су тасқыны қаупі әсіресе Қарағанды облысының Бұхар жырау, Осакаровский, Абай, Нұра, Шет және Қарқаралы аудандарына төнуі мүмкін. Бұл аудандарда көктемде қар еріген кезде өзен деңгейі 15 сантиметрден үш метрге дейін көтеріліп, ойпаң тұстарға үш километрге дейін су жайылады. 15 мың халқы бар 63 елдімекенді ішінара немесе толық су басуы мүмкін.
Қарағанды төтенше жағдайлар департаменті «Бәрі ауа райына байланысты: тасқын жайлап өтіп кетуі де мүмкін, ойран салуы да мүмкін. Бізде мұндай жағдайлар көп болған. Бірақ алдын алу шаралары дер кезінде жүргізілсе, апат зардаптары азаяды» деп хабарлайды.
Құтқарушылар қазірден бастап қамданып, тұрғындардың арнайы сөмке немесе рюкзакқа құнды заттары мен жылы киімдерін, азық-түлік, су, дәрі-дәрмектерін салып, жүзуге арналған құралдар дайындап қоюын сұрайды.
Ауыл тұрғындарына су тасқыны қаупі туралы дабыл түскен бетте, есік-терезеге мүмкіндігінше тақтай шегелеуге кеңес береді. Мамандар суды, газ бен электр жарығын өшіріп, пешті сөндіріп, жиналатын пунктке белгіленген уақытта келуді сұрайды.
Тал кесу
Әкімдік дерегінше, Бұқар жырау ауданында Нұра өзені бойында орналасқан 13 елдімекенді су басу қаупі бар. Билік су жайылса да, былтырғыдай үлкен апатқа ұласпауы тиіс деп болжайды әрі былтырғы су тасқыны сабақтары ескерілді деп мәлімдеді.
Бұқар жырау ауданы әкімдігі дерегінше, күн жылынған сайын жұмысты күшейтуге тура келеді. Қазір арықтардың, су жүретін құбырлардың, жолдардың жан-жағы тазартылып, су жайылған жағдайда халықты эвакуациялайтын орындарға келу жолдары ойластырылып жатыр.
«Техниканың жай-күйі, жедел әрекет ету жасақтары дайындығы тексеріліп жатыр. Аудан орталығында су басқан елдімекенге көмектесетін жедел әрекет жасағы құрылып жатыр. Әкімдер халықты эвакуациялау жоспарларын, тасқын қаупіне дайындық шаралары жоспарларын толық тапсырып қойды», — дейді Бұқар жырау ауданы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Сапар Сатаев.
Билік «былтырғы су тасқыны кезіндегі жағдайды талдап шығып, өзге жұмыстардан бөлек Нұра өзені бойындағы елдімекендер тұсындағы шілік, талдарды отау керек деп шештік» дейді. Тоғайды отау мен өзен арнасын тазарту жұмыстарын енді жыл сайын жүргізуге уәде берілген.
«Сең жүрмей, кептеліп қалуы мүмкін тұстардың тал-шілігі оталып жатыр. Бұрын мұндай жұмыс жүргізілмеген, өзен бойын жабайы тал басып кеткен. Биыл аса қауіпті деген тұстарды отадық. Әкімдер сенбілік ұйымдастырып, талдарды кестіріп жатыр. Бұл шараның себі тиюі тиіс. Енді сең кептеліп қалмайды. Бұған бюджеттен ақша бөлдік. Бензинмен оталатын ара, балта, күрек, резеңке етіктер алдық. Бұға қоса, Ботақара мен Мұстафин кенттері тұсындағы екі бөгетті де мықтап бекітеміз», — дейді Сатаев.
Билік мүгедек жандар мен көпбалалы отбасыларға ауласындағы қарды тасуға көмектесуге уәде берген. Жергілікті дабыл жүйесі тексерілген. Билік наурыздың 20-сына дейін тағы алты елдімекенге құлақтандыру жүйесін орнатуды жоспарлап қойған. Аудандарға су тасқыны және төтенше жағдай бола қалған жағдайда атқарылуы тиіс шаралар тізімі жіберілген. Жұртқа дүние-мүлкін сақтандыруға кеңес берілген.
Синоптиктердің хабарлауынша, таяу күндері Орталық Қазақстанда қар аралас жаңбыр жауып, ауа-райы бұлыңғыр болады. Одан кейін күн суытуы мүмкін, бірақ метеорологтар болжамынша, температура климаттық нормадан жоғары қалпын сақтайды, ал бұл су тасқыны қаупін тудыруы мүмкін.
newstaraz.kz