Пәкістанда өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан қызды бауырлары өлтіріп тастады
Қазіргі Ұлыбритания азаматы Самия Шахид Пәкістанға ата-анасы мен туыстарын көруге келген кезде, бауырлары өлтіріп тастаған. Қызды өлтіргендер кезінде оның өзге елдің азаматына тұрмысқа шығуына қарсы болған екен.
Бұл туралы британдық The Guardian басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Қайғылы жағдай өткен сәрсенбі күні Пенджаб штатына қарасты Пандори ауылында болған. 28 жастағы косметолог қыз тұрмысқа шыққаннан кейін алғаш рет төркіндетіп келген екен.
Сот- медициналық сараптамасы қыздың мәйітінен азаптау белгілерін таппаған. Дегенмен Ұлыбритания депутаты Брэдфорд мәйітті қайтадан тәуелсіз сараптаудан өткізуді талап етіп отыр.
Самия Шахид Саид Мухтар Казаммен Дубайда танысқан. Сол таныстықтан кейін бірін-бірі жақсы түсініскен екеу үйленуге бел буған. Бұл қыздың екінші мәрте тұрмысқа шығуы екен. Күйеу жігіт өзіне көңілі толмаған әйелінің туыстары оны өлтірді деп сенімді айтып отыр.
Ал косметологтың туыстары оны демікпе дертінен бірден қайтыс болды деген. Ал оның күйеуі әйелінің ешқашан демікпе дертімен ауырмағанын айтып, өз болжамынан қайтпай отыр.
Бұл істі Пәкістан полициясы тексеріп жатыр. Дегенмен осыған қатысты әлі ешкім тұтқындалып,тергеуге алынбаған. Бұл елде «ар жазасы» ретінде күдікті өлім жазасына кесіледі.
Осы айда Вазим Азим есімді азамат ғаламтор желісіне жартылай жалаңаш суреттерін жүктеген, 26 жастағы қарындасын буындырып өлтірген еді. Осы ісінен кейін жігіт баспасөз отырысын өткізіп, қызды ата-анасының үйінде ұйықтап жатқан жерінен тұншықтырғаны жайлы айтқан.
Полиция қызметкерлері қазір қыздың өліміне себеп болған жағдайды зерттеп жатыр. Медициналық сараптама нәтижесіне сай қыз ұйықтар алдында ішкен сусынға у қосылған деген болжам да бар.
Ағасы өлтірген қыздың желідегі парақшасына мыңдаған адам жазылған еді. Оның Facebook парақшасына 700 мың, Twitter-іне 41 мың адам жазылған. Ол өзінің суреттерін бақылауда ұстаған адамдарға күн сайын түрлі ашық киімдегі фотоларын көрсетіп, осы бағыттағы болашаққа деген жоспарларымен бөлісіп отырған.
Елдегі мұсылмандар Рамазан айы қарсаңында қыздан ашық киімдегі суреттерін таратуды тоқтатуын талап еткен. Қыз суреттердің біріне басына орамал жабынып, денесін ашып түсіп олардың ескертуін мазақ еткендей болған.
Осы қылығынан кейін Балокқа түрлі хаттар келе бастаған. Олар негізінен қызды «өлтіреміз» деген.
newstaraz.kz