Павлодарлық азамат әйелімен бірге жылу қазандығында тұрып жатыр (фото)
Фото: baq.kz
27 жастағы Евгений Пихутьконың Павлодарда жылу құдығын жағалап жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Жігіт Екібастұз қаласындағы «Үміт» балалар үйінен түлеп шыққан. Дегенмен, тағдырдың жазуымен көше кезіп кетіпті.
«Мен жағымсыз оқиғаға тап болдым. Ешкімді кінәлағым келмейді. Бүгінде осылай көше кезіп жүргеніме тек өзім кінәлімін. Осыдан бірнеше жыл бұрын сотталдым. Заң алдында жауап беріп, жазамды толық өтедім. Қазір қайда барсам да істі болғанымды біліп, жұмысқа ешкім алмай жатыр», — дейді Евгений Пихутько.
Жетімдер үйінің түлегі жылу құдығында өмірлік серігін де кездестірген екен.
«Бір жыл бұрын Надеждамен таныстым. Ол Солтүстік Қазақстан облысынан келген. Біз шаңырақ көтеріп, қазір жылу құдығында тұрып жатырмыз», — дейді ол.
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмыссыз жігіттің тұрмысын көріп, қол ұшын созбақшы болды. Алайда, Евгений олардың көмегінен бас тартты.
Фото: baq.kz
«Жігітке жанымыз ашыды, көзімізге жас та алдық. Жап-жас қой, өмірі әлі алда. Ол қоғамда өз орнын тауып, еңбек етуге қабілетті деп ойлаймын. Евгений көше кезіп жүрген басқа «бомждарға» ұқсамайды. Павлодарлықтар оның бүгінгі тіршілігіне бей-жай қарамай, көмектессе екен деймін», — дейді облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу қызметі басқармасының аға инженері Анна Лысикова.
Айта кетейік, Евгений Прихутько тәрбиеленген мекеменің басшылығы оның тәртіпті және жауапкершілігі мол жігіт екенін айтады. «Үміт» балалар үйінің директоры Нағима Әбдірахманованың айтуынша, Евгений жетімдер үйіне 2006 жылы түскен.
«Ол құрылыс компаниясында еңбек етіп, нәпақа тауып жүрді. Жағдайы жақсы болатын», — деп еске алды директор.
newstaraz.kz