Павлодарлық кәсіпкер теңдесі жоқ 45 түрлі кірпіш шығаратын білдек жасауда
Төрт жылдың ішінде шағын зауытта макулатура мен ПЭТ-бөтелкелерді тығыздайтын, қож-блоктар, лего-кірпіштер мен тротуар тақталарын дайындайтын 1000-ға жуық түрлі білдек шығарылған.
Май ауданы Көктөбе ауылындағы «Білдектер әлемі» ЖШС-ында құрылысқа пайдаланатын инновациялық білдек құрастырылуда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, «Вибропресс кондор» деп аталатын қондырғы тротуарлар мен бордюрлерге, қабырғаларға арналған 45 түрлі кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Ресейден жеткізілген қондырғының үлгісі бойынша құрастырылып жатқан қондырғы жасауды әзірге өңірде ешкім қолға алмаған.
2013 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып, үш миллион теңге көлемінде несие алдым, — дейді Мәдениет Тайшибаев.
Сол кезде автокөліктерге қызмет көрсететін станция ашуды жоспарлаған едім. Алайда нысанды салу үшін кірпіш қажет болған соң, шет елден құрылыс материалдарын дайындайтын білдектер алып келдім. Осыдан кейін өздігімізден білдек шығара бастадық. Қазіргі таңда қырғызстандық құрылыс компаниялары екі білдекке тапсырыс берді. Оның бірі – төрт кірпішке арналған қож-блок, екіншісі – лего білдек. Сондай-ақ, көршілес Ресейдің Омбы, Томск және Новосібір қалаларынан кәсіпкерлер хабарласып, бетон араластырғыш құрылғысын сұрап отыр. Материалдарды жергілікті фирмалардан сатып аламыз.
Айта кетерлігі, төрт жылдың ішінде шағын зауытта макулатура мен ПЭТ-бөтелкелерді тығыздайтын, қож-блоктар, лего-кірпіштер мен тротуар тақталарын дайындайтын 1000-ға жуық түрлі білдек шығарылған.
Ақбота Сейсенбаева
Фото: pavlodarnews.kz
newstaraz.kz