Ресей соғысқа байланысты Байқоңырдан бас тартуы мүмкін
Совет және Ресей космонавтикасы тарихында үлкен маңызға ие Байқоңыр ғарыш айлағы оның айрылмас бөлшегіне айналғандай көрінген. Алайда Қазақстан аумағында орналасқан ғарыш айлағы 90-жылдардың басында Ресейден алшақтай бастады.
Қазақстаннан жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін созылатынына қарамастан, Ресейдің Байқоңырда болуы біртіндеп азайып келеді. Зымыран ұшыру кешендері аз қолданыла бастаған. Соған байланысты әрі қарай не болады деген заңды сұрақ туындайды.
2023 жылдың басында ғарыш айлағын бірлесіп қолданы мәселесі тағы ушықты: Қазақстан Ресей мүлкіне арест қойып, 2 млрд рубль талап етті, ал Ресей болса 220 млн доллардың кері талабын алға тартты.
Ресей мен Қазақстан арасында 1994 жылы жасалған келісім-шарт бойынша Байқоңыр мен ондағы кешендері Қазақстан меншігіне өтті, бірақ Ресей ғарыш қызметіне қатысты аумақтар мен инфрақұрылымдарды жылына 115 млн долларға жалға алып отыр.
Ресей Байқоңырды ұлттық бағдарламалары мен халықаралық жобалары үшін қолданып отыр: «Мир» және МКС ғарыш станциялары аясындағы әріптестік, басқа елдердің ғылыми аппараттарын ұшыру Байқоңырда жүзеге асырылады. «Роскосмос» коммерциялық қызметі де осында атқарылады. Бір ғана «Протон» зымыранымен шетел спутниктерін ұшырудан Ресей кейінгі 25 жылға шамамен 10 млрд доллар пайда тапты.
Алайда Ресейдің ғарыш айлағын көбірек пайда табу үшін пайдаланып, жалға алу құнын ғана төлейтіні Қазақстанға тиімді болмай шықты. Оның үстіне «Роскосмостың» негізгі табысы «Протоннан» түсті. Ол улы отынмен ұшады, соның салдарынан Қазақстан ауасы ластанады. «Протонға» қатысты дау екі ел арасында қайта-қайта туындап, зымыран ұшыруға уақытша тыйым да салынған.
Байқоңырды пайдалану мүмкіндігінен бас тартпау үшін көрші елдердің ғарыш мекемелері бірлескен жоба дайындаған.
Алайда Қазақстан мемлекетаралық келісімге сай ғарыш айлағын жетілдіруге қажетті 220 млн долларды бөлуге асықпады. Оның екі себебі бар: «Союз-5» зымыранының дайын болмауы және АҚШ-тың Ресей зымырандарына салған санкциясы. АҚШ мұндай шектеуді 2015 жылы Қырымның аннексиялануына байланысты қабылдаған, бірақ күшіне 2023 жылы ғана енген. Сол себепті «Бәйтерек» идеясын жүзеге асыру қиындап кетті.
Ресейдің Украина аумағына басып кіруі федерацияның сыртқы экономикалық жағдайын әлсіретті. Батыс елдері «Роскосмостан» теріс айналды. Ал «Бәйтерек» болашағы бұлыңғырлана түсті. Қазақстанның ғарыш айлағына қаражат құюға асықпауын осымен түсіндіруге болады. Жоба тоқтап тұр. Қазақстан жаңа техникалық-экономикалық негіздеме күтіп отыр. Астананың осы жобаға қатысу-қатыспауы содан кейін ғана мәлім болады.
Ресей 2028 жылдан кейін өзінің РОС станциясына ұшуды көздейді, бірақ ол әлі дайын емес. Жоба Ресей экономикасы мен мемлекеттің басым бағыттарына байланысты. Бұл бағдарлама жүзеге асқан күннің өзінде, оны Восточный арқылы жүргізуге болады. Ол үшін ғарыш айлағын «Союз» ұшыруға бейімдеу керек. Жоспар жүзеге асса, 2028 жылы Ресей Байқоңырдан түпкілікті кетеді. Сол кезде тарихи «Ғарыш қақпасы» металл үйіндісіне айналып, өткен дәуірдің ескерткіші ғана болып қалуы мүмкін.
«Роскосмостың» Қазақстандағы ғарыш айлағында қалуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Ресей мен АҚШ-тың МКС-тегі әріптестігі созылып, Украинамен бейбіт келісім жасалып, батыс санкциялары алынғанда ғана Байқоңырдағы жобалар қайта жанданады.
newstaraz.kz