Ресейдің «Голос» шоуында қырғызстандық әнші жеңіске жетті
30 желтоқсан күні Мәскеуде «Голос» шоуының 10-шы маусымы өз мәресіне жетті. Жобада Александр Волкодав жеңіске жетті. Финалға шыққан екі бірдей қазақстандық –Әлішер Кәрімов пен Ернар Садырбаев (Әміре) екінші және үшінші орынды иеленді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бас жүлдеге 4 қатысушы таласты. Шоуды Леонид Агутин шәкірті Элина Панмен бірге ашты. Алғашқы дауыс беру нәтижесі бойынша Агутиннің шәкірті айналымнан шығып қалды.
Ернар Садырбаев тәлімгері Дима Биланмен бірге оның әйгілі хиті «Ты должна рядом быть» әнін орындады. Көрермендердің сүйіктісіне айналған Ернар үшінші орынға ие болды.
Бас жүлдеге Әлішер Кәрімов пен Александр Волкодав таласты. Волкодав тәлімгері Пелагеямен «Игра» атты туындыны көрерменге тарту етті. Ал Әлішер Кәрімов марқұм Градскийдің «Как молоды мы были» әнімен шоуды жапты. Ұйымдастырушылардың қолдауымен, марқұм тәлімгерінің мұрағаттағы даусы ойнап тұрды, ал Әлішер жанды дауыста ән шырқады.
Ақырғы дауыс беру нәтижесі бойынша Әлішер көрермендердің 46,7% дауысын жинады. Ал Қырғызстанда дүниеге келген 32 жастағы әнші Александр Волкодав 53,3% көрсеткішпен жеңіске жетті.
newstaraz.kz