Сахна төрінде балалардың аузына түкірген Төреғали жұртты таңғалдырды
Төреғали Төреәлі. Фото: Instagram
«Ақтаудағы Төреғалидің кешінде балаларының аузына түкірту үшін ата-аналар кезекке тұрды. Мен қазақтың мұндай ырымы бар екенін білемін. Бірақ, дүйім жұрттың көзінше сахнаға шығарып, кезекке тұрған бір түрлі сияқты. Бір таңғалғаным, Төреғали де ауызға түкіруге үйреніп қалған сияқты (күліп).
Сегізден астам баланы топырлатып шығарып, микрофонменен «тьфу» деп айқайлата түкіріп тұрды. Бір шетінен ерсілеу көрінді, оның үстіне гигиеналық жағы бар дегендей», — дейді Айнагүл Жұмаділова.
Оқырман мұндай ырымды жасағыш аналар сахнаның үстіне шығып, кештің сәнін құртпаса деген өтінішін білдірді.
«Мұндай ырымдарды әншілер жиі жасайтын болар. Оларды да түсінемін. Өнерін бағалайтын жандарға «жоқ» деп айта алмайды. Дегенмен, халық бұл ырымды арнайы үйіне келген қонақты күтіп, батасын ала отырып жасайтынын ұмытпаса екен. Әйтпесе сахнаға балаңды сүйретіп шығып, бір-екі аузына түкірткеннен ол әнші бола кетпес», — дейді ол.
Айта кетейік, халқымыз кішкентай баланың аузына өнерлі, аузы дуалы, сыйлы кісіге «соған ұқсаса екен, балам сол адамдай болса» деген тілекпен ырымдап түкіртіп, батасын алатын болған.
newstaraz.kz