Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Шымкент гарнизонындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты механикаландырылған бригаданың мерзімді қызметтегі сарбаздарына қалалық ардагерлер кеңесінің әжелер алқасы «Әже дәмі» атты шара ұйымдастырды.
Мерекелік басқосуда әжелер қауымы Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға асылған ет, құрт, май, ірімшік пен бауырсақ секілді ұлттық тағамдармен толтырылған кең дастарған жайды.
– Әскери бөлімде еліміздің түпкір түпкірінен жиылған 250-ден астам балалар бар екен. Қазір сарбаз атанып, сапта тұрғанымен бәрі де немерелеріміз секілді жас жігіттер ғой. Әрі ертең ата-бабаларының жауынгерілк дәстүрін жалғастырушы да осы бозбалалар. Олар отбасын сағынып жүр, ұлттық тағамдарды аңсаған болар деп бүгін алдарына осындай шара ұйымдастырдық. «Әже дәмі» атты шараның қалалық ардагерлер кеңесінің қолдауымен тұрақты түрде өткізіп келеміз, – деді әжелер алқасының төрайымы Шарапат Құрманбекова.
Сондай-ақ жауынгерлер, шымкенттік әжелердің орындауындағы Абай әндерінен қойылған концертті тамашалап, данышпан ақынның өлеңдерімен танысып, үлкенге құрмет көрсету мен Отанға адал қызмет етудің маңызы жөнінде өнегелі әңгімелер тыңдады.
newstaraz.kz