Сардоба су қоймасындағы апатқа екі жыл. Су көлемі едәуір азайған
Қазақстан шенеунігінің сөзінше, Өзбекстан осыдан екі жыл бұрын апат болған Сардоба су қоймасының деңгейін үш есеге қысқартуды көздеп отыр.
Экология, геология және минерал ресурстар министрі Серік Қожаниязов Өзбекстан 2020 жылдың 1 мамырында болған апаттан кейін Сардоба су қоймасындағы су көлемін 600 млн текше метрге дейін азайтуды көздеп отыр дейді. Апат болғанға дейін көлемі 930 млн текше метр болатын.
Қожаниязовтың сөзінше, биыл Сардобада 350 млн текше метр су жиналған.
Оның айтуынша, о баста өзбек тарабы Сардобаны салар кезде, қазақ жағымен келіспеген. Апат болғаннан кейін қазақстандық мамандар барып, қайта жөндеу жұмысымен танысқан.
«Қазір жөндеу жұмысын мұқият бақылап отырмыз. Әзірге Қазақстанға келетін қауіп жоқ», — деді министр Қожаниязов.
Былтыр наурыз айында Өзбекстанның құрылыс министрі Ботир Зокиров су қойманы жөндеуге халықаралық мамандарды тартамыз деген. Ол байқау жариялап, барлық процестің таза болуын қамтамасыз ететінін айтқан.
Осыдан тура екі жыл бұрын Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, Өзбекстан мен Қазақстан аумағына үлкен апат алып келген. Ресми мәлімет бойынша, 2 570 жеке үй, 76 тұрғын үй бұзылған.
Қазақстанда 14 елді мекеннің 31,6 мың тұрғыны көшірілген.
newstaraz.kz