Саясаттанушы жер мәселесіне қатысты: Бұл қателік болашақта үкімет пен парламентке сабақ болсын!
«Жас қазаққа» берген түсініктемесінде саясаттанушы Берік Әбдіғалиев елбасының Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий жариялағанын жағымды жаңалық ретінде қарсы алғанын айтады.
«Халық бұл мәселені уайымдады, соны елбасы дер кезінде ескерді. Үкіметтің қателігін көрсетті. Бұл жәй ғана бір-екі ауыз сөзбен түсіндіретін мәселе емес, тереңдеп түсіндіретін үлкен мәселе. Ең бастысы, бұл қателік болашақта үкімет пен парламентке сабақ болсын! Іс-шараларды жүргізгенде міндетті түрде жергілікті халықпен ақылдасып отыруы керек. Себебі қазір заман бөлек. Меніңше, парламент те мұндай мәселеде белсенді болуы тиіс. Қателікті үкіметке аудара салмай, өздері де жауапкершілікті сезініп, мәселе көтеруі керек», — дейді Берік Әбдіғалиев.
Еске сала кетсек, кеше бесінші мамырда президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі өзгертулерге мораторий жариялаған. Ал осы жер дауынан кейін Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев пен оның вице-министрі Қайырбек Өскенбаев қызметінен кеткен еді.