ШҚО-да Қытаймен шекарадағы ауылдар қаңырап бос қалып жатыр
Фото: egemen.kz
Кейбір ауылдардың үңірейген орны ғана қалған
Ресей, Қытай, Моңғолия секілді үш бірдей мемлекетпен шектесіп жатқан Катонқарағай ауданында шешімін таппаған мәселелер аз емес. «Біздің жақта қыс ұзақ» деп Оралхан Бөкей жазғандай, алты ай қытымыр қысы, ақырған аязы бар Алтайдағы халық санының жылдан жылға азайып бара жатқаны жайында көп айтылып жүр. Басқа басқа емес, дәл шекараның түбіндегі ауылдардың көпшілігінің жер бетінен жойылып, сау тұрғандарында саусақпен санарлықтай тұрғындардың қалғаны жергілікті жұртты алаңдатып отыр. Ел ішіндегі мәселелерге бейжай қарамайтын аудандағы зиялы азаматтардың бірі Жәнібек Қызырдың айтуынша, қазіргі уақытта Катонқарағай өңірінде бір кездегі 28 мың халық 12 мыңға дейін кеміп, шекараға жақын Талды, Қарайрық, Маралды ауылдарының үңірейген орны ғана қалған, Ақшарбақ, Шұбарағаш, Бекалқа, Мойылды, Сөгір, Қайыңды, Ақмарал ауылдары да құрудың аз-ақ алдында тұр. Бала туу көрсеткіштері де көңіл көншітпейді.
«Жастардың бәрі қала жағалап кетті»
Фото: egemen.kz
«Катон дегеніңіз жердің жәннаты ғой. Осындай жерұйық мекенде қазір қарттар ғана қалып барады. Жастардың бәрі қала жағалап кетті. Халықтың үдере көшуі әлі тыйылмай тұр. Солтүстігімізде емініп Ресей, шығысымызда телміріп Моңғолия, оңтүстік-шығысымызда тебініп Қытай тұр. Катонқарағайды иен қалдыру мемлекетіміздің қауіпсіздігін әлсірететін жағдай екендігін сезінетін шақ келді. Қытай мемлекеті бізге іргелес Шыңжаң аймағына өз халқын барынша топтастырып жатқанда, Ресей Алтай өлкесінің тұрғындарын қайткен күнде ұстап қалу үшін бар жақсылықты жасап отырғанда шекарамызды жалаңаштап тастауымыз жарамас, – дейді Катонқарағай ауданының құрметті азаматы Жәнібек Қызыр.
Тоз-тозы шыққан жол тұрғындардың жүйкесін жұқартқан
Марқакөлде де мәселе аз емес. Соның ішіндегі ең үлкені – жолдың нашарлығы. Әсіресе, бұрынғы Марқакөл ауданының орталығы болған Теректіден Қытаймен шекаралас Төсқайың, Шанағаты ауылдарына дейінгі 100 шақырымға жуық қара жол тұрғындардың жүйкесін жұқартып жүргелі қай заман?! Жүйкесі тозбағанда қайтеді, айналдырған 100 шақырымға 4-5 сағат алтын уақыттарын сарп етсе. Ал Өскеменнен Төсқайыңға дейінгі 450 шақырым жолды 10 сағат, ауа райы бұзылған жағдайда 15 сағатқа дейін жүруге мәжбүр. Қыстың көзі қырауда жол жабылса Марқакөлге жету мұңға айналады. Жол қиындығы өзге де мәселелерді тудырып отырған жайы бар. Жас мамандардың бұл жақтағы ауылдарға барғысы келмеуінің көп себептерінің бірі осы – жол. Бұған ұялы байланыстың жоқтығын қосыңыз. Төсқайың ауылында 2015 жылы 5 зейнеткер мұғалім жұмыс істесе, биылғы оқу жылында 3 зейнеткер ұстазбен келісімшарт жасалған екен.
«Шекаралық ауданда тұрып жатқан халыққа өтемақы беру керек»
Фото: egemen.kz
Қатонқарағай ауданының құрметті азаматы Сайлаухан Аухадиевтің айтуынша, шекаралық ауыл тұрғындарын мемлекет қолдауы тиіс.
«Мұғалімі бар, малшысы бар, дәрігері бар, қысқасы, бүгінде шекаралық аудандарда тұрып жатқан халықтың барлығына өтемақы беру керек. Осындай аудандарға келген жас мамандардың жалақысын екі есе өсіру қажет. Үкімет шығыннан қашпауы керек. Өйткені, елдің қауіпсіздігі, ұлттың тұтастығы бәрінен де қымбат», — дейді Сайлаухан Аухадиев.
Ауыл шаруашылығын бес саусағындай білетін азаматтың айтуынша, шалғайдағы ауылдардан облыс орталығына мал әкелетін тұрғындардың өнімдерін жоғары бағамен қабылдаудың тетігін ойластыру қажет.
«600 шақырымнан келетін Тарбағатай мен облыс орталығына 10-20 шақырым жердегі Ұлан ауданының тұрғындарының әкелген етін бір бағамен қабылдайды. Әділеттілік бар ма? Алыстан артынып-тартынып келгендер шығынға батады, жақын аудандар пайдаға кенеледі», — дейді қоғам қайраткері.
Жергілікті халық қытайлықтардың шекараға құмырсқадай қаптап қала салып жатқанына алаңдайды
Қытаймен шекарадағы Мақаншы өңірінде де халық саны азайғанымен, ауылдардың көпшілігі сақталған. Мұндағы мәселе – жастардың аздығы. Жұмыс істегісі келген жастардың алдынан шығатын кедергілердің көптігі. Бір мысал. Осыдан біраз уақыт бұрын Мақаншыда тұратын үш жігіт «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттен ақша алып, кірпіш зауытын салмақшы болып, сол ақшаға Қытайдан құрал-жабдықтар сатып әкеліпті. Мәселе Қытай шекарасынан аман-есен өтіп, өзіміздің елдің кеденіне келгенде басталыпты. Әлгі жігіттер бір жарым жылдан бері әкелген дүниелерін бері өткізе алмай әуре-сарсаңға түсіп жүрген көрінеді. Өйткені, екі есеге дейін баж салығын төлеу керек екен. Қытайда бір миллион теңге тұратын, жұрт «қыт-қыт» деп атайтын шағын тракторды кеденнен өткізу де мақаншылықтардың бас ауруына айналғандай. Кезінде комсомолда, партияда басшылық қызметтер атқарған, бүгінде Мақаншы ауылында тұратын Әмірғазы (Әбіш) Ахметбеков ақсақал осындай кедергілерге тап болып, тауы шағылып жүрген жастардың ауылда көп екенін айтады. Ақсақал ауыл халқының қартайып бара жатқанына, іргедегі Қытайдың шекараға құмырсқадай қаптап, қала салып жатқанына алаңдайды.
newstaraz.kz