Шетелде лауазымды қызмет иеленген қазақтар кімдер?
Чехияның адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесі жөніндегі бұрынғы министрі Жәмила Стехликова. Фото: Азаттық
Жаңа жыл қарсаңында Өзбекстанда төтенше жағдайлар министрі қызметі атқарған этникалық қазақ Тұрсынхан Құдайбергенов ел президенті Шавкат Мирзияевтың мемлекеттік кеңесшісі болып тағайындалды. Ол жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарастыру жұмысын бақылау және үйлестіру бойынша кеңес бермек.
65 жастағы Тұрсынхан Құдайбергенов Өзбекстан президенті кеңесшісі қызметін бұған дейін бір рет – 2001-2006 жылдары атқарған. Ол 2010 жылдан бері елдің төтенше жағдайлар министрлігін, оған дейін Ферғана және Хорезм облыстарында ішкі істер басқармасын басқарған.
ГУБЕРНАТОР, ЕЛШІ, МИНИСТР
Шетелдегі қазақтар арасында сол мемлекеттердің лауазымды қызметтерін иеленген басқа азаматтар да бар. Солардың бірі – 1997 жылдан бері Ресейдің Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев. 1944 жылы Түркіменстанда дүниеге келген Аман Төлеев 1990-1993 жылдары РСФСР жоғарғы кеңесінің депутаты, 1996-1997 жылдары Ресейдің ТМД елдерімен қарым-қатынас министрі қызметтерін атқарған.
Қазақстаннан тыс өлкелерде мансап иесі болған қазақтардың енді бірі – Зардықан Қинаятұлы. 1940 жылы Моңғолияда туған Зардыхан Қинаятұлы 1990-1992 жылдары Моңғолия үкіметі басшысының орынбасары және парламенті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Ол Моңғолияның жаңа конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі ретінде танылған. 1994 жылы Қазақстанға қоныс аударып, ғылыммен шұғылданған тарихшы Зардықан Қинаятұлы 2016 жылы желтоқсан айында Алматыда көз жұмды.
Зардыхан Қинаятұлы. Фото: Азаттық
Шетелде жүріп саяси қызметте өскен этникалық қазақтар тізімінде моңғолиялық қазақтардың есімі көптеп кездеседі. Олардың қатарында Моңғолияның Венгрия менАвстриядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Сұлтан Тәукейұлы, бұл елдің Мысырдағы төтенше және өкілетті елшісі (Біріккен Араб Әмірлігі, Кувейт, Оман, Катар, Бахрейн, Израильдегі елші қызметін қос атқарған) болған Сайран Қадырұлы, Моңғолияның Осака қаласындағы (Жапония) бас консулы болған Күләнда Шонайқызы да бар.
Лауазымды қызмет атқарған қазақтардың арасында Еуропада тұратын азаматтар да бар. Мәселен, 1988 жылдан бері Чехияда тұратын 54 жастағы Жәмила Стехликова қоғамдық-саяси қызметпен айналысып, Жасылдар партиясына өткен, кейін сол елдегі адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесі жөніндегі министрі болған.
Жәмила Стехликова (ортада)
Шеттегі қазақтар ең көп тұратын елдің бірі – Қытайда да лауазымды қызмет атқарған этникалық қазақтар баршылық. Солардың бірі, 1934 жылы Қытайдың Алтай аймағында туған Жанәбіл Смағұлұлы Шыңжаң ұйғыр автономиялық районы (ШҰАР) саяси кеңесінің төрағасы болған.
Қытайдағы қазақтардың енді бірі, 1947 жылы Іле аймағында туған Асхат Керімбайұлы Іле қазақ автономиялы облысының бастығы, ШҰАР халық үкіметі төрағасының орынбасары, ШҰАР саяси мәслихат кеңесінің төрағасы қатарлы міндеттерді атқарған.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәліметінше, 15 миллионнан астам қазақтың 5 миллиондайы Қазақстаннан тысқары жерлерде тұрады. Шетелдегі қазақтардың ең көбі Қытайда (1,2 миллионнан астам), Өзбекстан (800 мыңнан астам) мен Ресейде (600 мыңнан астам) өмір сүреді.
newstaraz.kz