Шымкент: 21 жастағы азамат көліктің аккумуляторын ұрлап кетті
Үйінің ауласында тұрған «Mercedes-Benz» маркалы автокөліктің бөлшек-аккумуляторынан айырылып қалды. Оқиға Шымкент қаласында орын алған.
2022 жылдың 24-қарашасында, сағат 11:00-де, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол арызында, үйінің ауласында тұрған «Mercedes-Benz» маркалы автокөліктің аккумуляторын белгісіз тұлға жасырын түрде ұрлап кеткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 28 мың теңге.
⠀
Аталған дерек ҚК-тің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлері хабарды алған бойда, күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардан сұрастырылып, жауаптар алынды. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 21-де, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап, бұл заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын жеткізді. Сондай-ақ, өзі қолды еткен аккумуляторды көлік бөлшектерін сататын дүңгіршектердің біріне апарып, 28 000 теңгеге сатып жібергені белгілі болды.
Қазіргі кезде айғақты зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Тергеу әрекеттері жалғасуда.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі
newstaraz.kz