Шымкентте көлік ұрлығы видеоға түсіп қалды
Шымкентте көлік ұрлығы видеоға түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері Абай АПБ-ның “102” арнасына Audi 80 көлігінің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Жергілікті тұрғын көлігін түнде үйдің жанына қойғанын, келесі күні таңертең оны әдеттегі орнынан таппағанын айтты. Арызданушы кілтін көлікте қалдырғанын, бірақ есіктері бұзылғандықтан жабылмайтынын жеткізді.
Темір тұлпардың жоғалу мән-жайын анықтау үшін полицейлер ең алдымен оқиға орнында орналасқан бейнекамералардағы жазбаларды тексерді. Сыртқы бейнебақылау құрылғылары көлікті ұрлау сәтін жазып алған. Тұраққа қойылған көліктердің ішінен айлакер автоұры ескі шетелдік көлікті таңдап, оған ашық тұрған есік арқылы оңай кіріп, жәй ғана айдап кеткен.
Жол камераларының көмегімен ЖБО-ның инспекторлары күдіктінің қозғалыс бағытын қадағалады. Белгілі болғандай, ол жолда Audi-ден нөмірлерді алып тастап, оларды лақтырып жіберген.
Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтады. Ол – Түркістан облысының 19 жастағы жұмыссыз тұрғыны. Жедел уәкілдер ұрланған көлік құралын сол облыстың аумағында жарты күн ішінде тапты. Ал күдікті келесі күні ұсталды. Жігіт жеңіл көліктен бірнеше қосалқы бөлшектерді шешіп алғаны белгілі болды.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Абай АПБ-ның тергеушілері Қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
newstaraz.kz