Шымкентте телефон ұрлаған азаматша құрықталды
Шымкент ҚПД Абай аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан арыз келіп түседі. Жәбірленушінің айтуынша ол қаладағы базарлардың бірінде орналасқан дәмханада “Oppo A-53” маркалы телефонын қуаттағышқа қойып, қайта келген кезде телефоны болмай шыққан. Осылайша белгісіз тұлға жәбірленушінің “Oppo A-53” маркалы телефонын ұрлап, 120 000 теңгеден астам шығын келтіреді.
Аталған жайт, Абай АПБ-мен тіркеліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша енгізілді. Ұялы телефонын жоғалтқан әйелге көмектесіп, қылмысты ашу мақсатында полицейлер тарапынан барлық қажетті іс-шаралар іске асырылды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктіні анықтап, ұстады. Ол жергілікті тұрғын, жас келіншек болып шықты. Қазіргі таңда күдікті азаматшаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Шымкент қаласы полицейлері азаматтарға өз ұялы телефондарыңызға, бағалы заттарыңызға барынша сақ болыңыздар деп ескертеді. Егер де сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз тез арада “102” нөміріне хабарласыңыз. Сіздің берген ақпаратыңыз, ұрлық қылмысының аз уақытта ашылуына өз септігін тигізеді.
Шымкент қаласының ПД
newstaraz.kz