Төтенше жағдай министрі: 200-ден астам үй мен екі әлеуметтік нысанды су басты
Kazakhstan. Flood in the village of Zhaksybay. Zhanibek district, West Kazakhstan region, April 3, 2022.
Наурыздың соңында басталған су тасқынының салдарынан Қазақстанда 185 тұрғын үй, 78 саяжайды су басты. Бұған қоса, екі әлеуметтік нысанға су кірді. Арасында Батыс Қазақстан облысындағы мектеп те бар. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин 6 сәуір күні журналистерге осылай деп мәлімдеді.
Оның мәліметіне қарағанда, ең күрделі жағдай БҚО мен Ақтөбе облысында қалыптасқан. Бір апта ішінде Қазақстан аумағында қар жамылғысы 60 пайыздан 30 пайызға қысқарған.
Ильин сонымен бірге суды бұру және тартып шығару жұмыстары аяқталғанын хабарлады. ТЖМ мәліметінше, ведомство Ақтөбе қаласындағы 15 саяжай учаскесін бақылауда ұстап отыр. БҚО аумағына құтқарушылар жіберілген. Ақмола және Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтанда да осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.
— Қазір су қоймалары тез толып жатыр, су ресурстары комитетімен бірге су қоймаларының толымдылығы мен қар суын өзендерге жіберу мәселесін бақылаймыз. БҚО-дағы жағдай даладағы судың күрт келуімен байланысты және қандай да бір гидротехникалық жабдықтардың қызметімен байланысты емес, — деді Ильин.
Министр сонымен бірге қазір 285 елді мекенге су басу қаупі төніп тұрғанын да жеткізді.
- Наурыздың басында Қазақстанның солтүстігі мен батысында бірқатар қалалар мен елді мекендерді су басып, аулалар мен шаруашылықтарға су кірген. Соның нәтижесінде БҚО-да кемінде 600 адам үйлерінен кетуге мәжбүр болған, жүзден астам ірі қара мал өлген. Ауыл шаруашылығы министрлігі сақтандырылмаса, су тасқынынан өлген малдарға өтемақы төленбейтінін айтты.
- Ақтөбе облысында жолдарды су шайып, кейбір елді мекен тұрғындары облыс орталығы Ақтөбеге қатынай алмай қалды. Ақтөбенің өзінде 31 наурызда барлық көшелерді су басты. Сондай қарбалас кезде мектеп оқушысы арыққа жығылып, батып кете жаздаған.
- Сәуірдің басында Қарағанды облысындағы кейбір елді мекендерді де су басқаны хабарланды. Мұнда тоғыз жасар бала жаңбыр суы жиналатын каналға батып мерт болған. 6 сәуірге қараған түні ондаған адам Қарағанды облысы Жұмысшы поселкасынан эвакуацияланды. Сәрсенбі күні билік тұрғындар өз үйлеріне қайтқанын хабарлады.