Төтенше жағдайлар министрі: Алты адам қаза болған «Абай» шахтасы биыл тексерілген
Төтенше жағдайлар министрі «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты «Абай» шахтасындағы апат жайлы түсініктеме берді.
Журналистер сұрағына жауап берген Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин алты адамның өмірін қиып, екі адамды жарақаттаған апатқа метан газының кенеттен үлкен дүмпумен шығуы себеп болған деді.
Министрдің сөзінше, мұндай сәтте жиі байқалатын жарылыс бұл жолы болмаған, электр жүйесі дер кезінде ажыратылған.
«Апат көмір өндіру кезінде болды ма, әлде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанды болды ма» деген Азаттық тілшісінің сұрағына министр «жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осы участокты 500 метрге дейін тереңдікте көмір қазуға дайындық басталған кезде болған» деп жауап берді. Жөндеу бригадасы таңғы сегізде шахтаға түскен.
— Шахтада газ бірден еселеп көбейіп, дүмпу болған. Забойдағы алты адам өзін-өзі құтқару құралдарын пайдаланып та үлгермей өліп кеткен. Шахтаға кіре берісте тұрған екі адам сақтанып үлгерген, олар ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Дүмпу себебін комиссия тексеріп, технология процесінде ақау болған ба, жоқ па анықтайды, — деді Юрий Ильин.
Ильин президент тапсырмасы бойынша үкімет комиссиясы құрылғанын хабарлады. Қазір шахтаның суы сорылып, ауасы тазартылып жатыр. Содан соң комиссия оқиға орнына барады. Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалған. Министрдің сөзінше, күдіктілер бар.
— Апатқа себеп болған жайтты ешкім жасырып қала алмайды. Комиссия себебін анықтап, мұндай оқиғалар қайталанбас үшін не істеуі керектігі жайлы ұсыныс бергенше жұмыс істейді, — деді Төтенше жағдайлар министрі Ильин.
Министрдің сөзіне қарағанда, өзге шахталардағыдай «Абай» шахтасында да газ дүмпуі болып тұрады, бірақ ол шекті мөлшерден аспаған. Биыл мамыр айында Қарағанды облысы өнеркәсіп қауіпсіздігі комитеті «Абай» шахтасының жұмысын тоқтату жөнінде экономика сотына талап-арыз жіберген. Онда электр құралдары мен тыныс аппараттарын пайдалану ережелерін бұзу секілді көптеген талаптар айтылған. Министрдің сөзінше, осы ескертулерден кейін кемшіліктер түзетіліп, шахта жұмысы жалғасқан.
— Шахтаның әрі қарайғы жұмысы тексеріс нәтижесіне байланысты болады. Әзірге шахтаның барлық забойында жұмыс тоқтатылды, қауіпсіздік шарттары кезектен тыс тексеріліп жатыр,— деді министр Ильин.
2008 жылы «Абай» шахтасында ірі апат болып, 30 шахтер өліп, 14 адам жараланған болатын. 2017 жылы Шахтинскідегі «Қазақстан» шахтасында болған апатан 3 адам қаза болған.
newstaraz.kz