Тұңғышбай Жаманқұлов сот алдында жауап бере бастады
Тұңғышбай Жаманқұлов. Фото baistars.kz
Фильм түсіруге бюджеттен ақша алып, оны бас пайдасына жаратты деп айыпталған атақты актер Тұңғышбай Жаманқұлов 27 ақпандағы сот отырысына жақындарын түгел ертіп әкеліпті деп хабарлайды КТК арнасы.
Ал айыпталушы орындығында Жаманқұловтан бөлек фильм режиссері мен тағы оншақты адам бар. 69 миллион теңгені кімнің, қайда жібергенін енді әрқайсысы сотқа жеке түсіндіріп жатыр.
Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі қазір кепілақымен бостандықта жүр. Ал атышулы режиссер Талғат Жаныбеков екі айдан бері қамауда отырғанын айта кетейік.
27 ақпандағы сот отырысында адвокат режиссерді де кепілақымен босатуды сұрады. Қорғаушының бұл талап-арызына қатысты шешім 28 ақпанда шығады.
Басында ақшаны жегенін мойындамай, кейін кешірім сұрап, қаржының да бір бөлігін қайтарған Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі журналистерді көргісі келіп отырған жоқ.
«Көп мәліметті дұрыс жеткізбей жатыр. Сондықтан біз қарсы болдық. Ауыздан шыққан мәлімет дұрыс жеткізілуі керек халыққа», — дейід Т. Жаманқұловтың адвокаты Бақытгүл Қадырбекова.
newstaraz.kz