Тәжікстанда «Ислам мемлекетіне» өтіп кеткен әйгілі командир өлтірілді
Гулмурод Халимов. Фото: centralasian.org
Британдық «Таймс» журналы тәжік арнайы жасағының бұрынғы командирі Гулмурод Халимов Ирактың Мосул қаласында өлтірілгенін хабарлады деп жазады centralasian.org.
Басылымның 15 сәуірдегі санында Халимовтың «Ислам мемлекетінің» әскери министрі болғаны, өткен аптада Мосулдың батысында әуе соққысы нәтижесінде өлтірілгені туралы жазылды.
Журналдың Ирактағы әскери дереккөзінің хабарлауынша, соңғы бірнеше айда Халимов үш мәрте әуе шабуылына тап болған.
«Гулмурод Халимов Мосулда жихадшыларды басқаруға және халықаралық коалицияға қарсы автокөлік жарылыстарын ұйымдастыруға жауап берді», — деді дереккөз.
Тәжік билігі Халимовтың өлгені туралы мәлімет алмағанын хабарлады.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Халимовтың қазасы туралы мәлімет тараған, бірақ кейін оның жақтастары жоққа шығарып, желіге суреті мен видеосын жариялаған. «Таймс» Халимовтың өлімі — террористік топ үшін орны толмас қаза екенін атап өтті.
Полковник Гулмурод Халимов 2015 жылы сәуірде жоғалып кетті, ал мамыр айында оның Сирияда жүргені хабарланды. Бұрынғы тәжік командирі өзінің бейнеүндеуінде «Ислам мемлекетіне» қосылғанын, өйткені елінде оның дініне шектеу қойылғанын мәлімдеген.
newstaraz.kz