Тараздық спортшы қол күрестен 7 жыл бойы жеңіліп көрмеген америкалықты тізе бүктірді
Жамбылдық спортшы армрестлингтен «Құрлықаралық чемпиондық белбеуін» жеңіп алды.
Ол 7 жыл бойы ешкімге жеңіліп көрмеген америкалық спортшыны тізе бүктіріп, чемпиондық атаққа ие болды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен жарыста абсолюттік салмақта өнер көрсеткен тараздық Дмитрий Трубин қарсыласы Майкл Тоддтан 4:2 есебімен басым түсті.
Ал 2-6 наурыз аралығында осы елде қол күрестен өткен «Арнольд классик» халықаралық турнирінде ол бұл жетістігін тағы бір мәрте қайталап, қарсыластарын мойындатты деп хабарлайды 24.kz.
Айта кету керек, аталған жарыста әлемнің 40 елінен 500-ге тарта спортшы бақ сынаған.
«Турнир өте қиын болды. Әсіресе ақтық сындағы қарсыласым мықты, тәжірибелі спортшы еді. Оның қол күрестіру әдісі ыңғайсыз әрі біздің ережелерге сәйкес келмейді. Бірақ бұл жарыста ондай қулықтар рұқсат етіле береді екен. Дегенмен, оның осал тұсын таптым. Еліміздің көк байрағы Америка төрінде көтерілді. Мен үшін бұл үлкен жетістік. Енді бұл ауыспалы белбеуді елде ұстап қалу үшін барымды саламын», — дейді қол күрестен құрлықаралық чемпиондық белбеу иегері Дмитрий Трубин.