Тоқаев: Бейбіт шеру мен қарақшылардың қанды қылмысы арасын ажырата білу керек
16 қарашада Алматы «жұртшылығымен» кездескен президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына да тоқталды.
Тоқаев «cол қиын күндерде бүкіл Қазақстан халқы алматылықтардың тілеуін тіледі. Өкінішке қарай, қазір кейбіреулер қылмыстық әрекетті халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүр» деп мәлімдеді, алайда кімдерді айтқанын нақтыламады.
«Халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек» деген президент биліктің «жедел және батыл әрекетінің арқасында» елде «тәртіп дереу орнады» деді.
«Қабылдаған шешімдеріміз және іс-әрекетіміз бүкіл дүние жүзінде түсіністікпен мойындалды, тіпті, қолдау тапты» деді Тоқаев.
Қазан айында «Алматы облысы жұртшылығымен кездесу» кезінде де Тоқаев «бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ» деп осыған ұқсас мәлімдеме жасаған еді.
16 қарашада Тоқаев Қаңтар кезінде «елдегі жағдайды әдейі ушықтырған адамдар» болғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, олар «қоғамды ыдыратуды» көздеп, «түрлі амалдармен наразы көңіл-күйді арттырған». «Жұртты көшеге шығуға үндеп», «онсыз да күрделі жағдайды» ушықтырған. Бірақ ақыр соңына қарай «үйлеріне тығылып», «жағдай қалпына келгенде әділет пен азаматтардың игілігін қалайтын тәрізді алаңға қайта шыққан».
«Олар үшін бұл әншейін ойын, оларды әлеуметтік желідегі танымалдық пен жасырын демеушілердің назары ғана қызықтырады» деді. Тоқаев мұндайды «сайлау алдында айту» қалыптаспаған тәжірибе екенін, алайда «әділін айтуды» жөн көргенін жеткізді.
Қаңтар кезінде қаза болған 238 адамның басым бөлігі Алматыда көз жұмған. Тоқаев Қаңтар кезінде «20 мың террорист шабуылдады» деп мәлімдеп, күш құрылымдарына «ескертусіз оқ атуға бұйрық» берген. Алайда кейін билік «20 мың террорист» жайлы мәлімдемені жоққа шығарған.
Билік қаза тапқандар арасында кездейсоқ оққа ұшқандар бар екенін мойындағанымен, марқұмдардың көбінің үстінен терроризм, жаппай тәртіпсіздік, қару ұрлау, тонау, мүлік жою баптарымен іс қозғаған. Істі болған марқұмдардың туыстары негізсіз жала жауып отыр, тергеушілер дәлел келтірмей отыр деп шағымданған. Осыған дейін кейбір сарапшылар Қаңтар оқиғасынан бері он ай өтсе де, Тоқаевтың «лаңкестер» жайлы мәлімдемесін растайтын дәлел табылмағанын айтқан.
Халықаралық ұйымдар ресми Астананы Қаңтар оқиғасын тергеуге көмектесуге ынта білдірсе де, Қазақстан билігі ұсынысты қабылдамаған.
Тоқаевтың «Алматы жұртшылығымен кездесуінің» қайда өтетіні алдын ала хабарланбады. Ақорда хабарламасында да қайда өтіп жатқаны айтылмайды. Сәрсенбі күні қалада полицейлер көбейіп, көлік кептелісі пайда болды.
Тоқаев «Алматы жұртшылығымен» кезектен тыс президент сайлауына санаулы күндер ғана қалған шақта кездесіп отыр. Шамамен 2 млн халқы бар Қазақстандағы ең ірі қала соңғы сайлауларда сайлауға қатысу белсенділігі және билік кандидатын қолдау бойынша ең төмен көрсеткіш көрсеткен.
newstaraz.kz