Тоқаев: Кейбіреулер Ресей Қазақстанды «құтқарып қалды» қалды деп жалған айтып жүр
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін елге кіргізу жайлы айтты.
Оның сөзінше, «Ресейде кейбіреулер Ресей Қазақстанды «құтқарып қалды», сол үшін Қазақстан Ресейге «мәңгі қызмет қылып, аяғына жығылады» деп бүкіл оқиғаны бұрмалап, жалған айтып жүр».
«Бұл шындықтан ауылы алыс, мүлде қисынсыз сөз» деді Тоқаев.
Ол Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ «шектеулі контингент» жібергенін айтып, ҰҚШҰ әскері Алматыға келгеннен сәттен бастап «бір де бір оқ ақтпағанын» тағы қайталады.
Ресейдің ықпалы басым ҰҚШҰ қаңтарда «елге сырттан агрессия жасалғанын» мәлімдеген Тоқаевтың өтініші бойынша Қазақстанға екі мыңнан астам сарбаз жіберген.
16 мамырда Мәскеуде ҰҚШҰ елдері басшылары саммитінде Ресей президенті Владимир Путин альянс контингентін Қазақстанға кіргізу жайлы тоқталып, ҰҚШҰ күштері «Қазақстанда билікті басып алмақ болған экстремистердің жолын кесті» деп мәлімдеген. Оның сөзінше, Қазақстанға қасқөйлік жасағандарды «шет елден» басқарған.
Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаевтың ҰҚШҰ-дан көмек сұрап, елге әскер кіргізуін Қазақстанның өз ішінде және шетелде сынға қалды. ҰҚШҰ әскері Алматыға кіргені туралы ақпарат тараған тұста құқық қорғаушылар мен белсенділер бейбіт адамдардың оққа ұшқаны туралы айта бастаған.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 230 адам қаза болған. Билік бейбіт адамдардың өліміне «террористерді» айыптады, бірақ ол сөзіне ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.
Қаңтар дүрбелеңі кезінде президент Тоқаев «ескертусіз атып тастауға» бұйрық бергенін мәлімдеген. Сол кезде ол Қазақстанға «шетелде дайындықтан өткен 20 мың террорист» шабуылдады деген.
Бұған қоса Тоқаев қаңтарда «мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс» болғанын, оған лауазымды тұлғалардың қатысы барын айтып, кінәлі адамдар жауапқа тартылады деп уәде етті, бірақ ешкімнің аты-жөнін атаған жоқ.
Қаңтар оқиғасынан кейін қазақстадық қауіпсіздік күштері мыңдаған бейбіт демонстрант пен өзге де адамдарды жаппай ұстады, полиция мен тергеу орындарында қамауда болғандар азаптауға ұшырағанын, соның ішінде таяқпен сабап, тоқпен соғып қинағанын айтты деп хабарлады HRW.
Қаңтардағы оқиғадан кейін қамалған кемінде сегіз адамның көз жұмғаны мәлім. Прокуратура мен жемқорлықпен күрес қызметіне «тергеудің тыйым салынған әдіс-тәсіл қолданғаны» жайлы үш жүзден астам арыз түскен. Солардан тек 11 факт бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркеліп, күдікті деп танылған бірнеше адамға іс қозғалған.
Қазазстан билігі азаматтардың қазасы мен азаптау оқиғаларын тергеуге халықаралық сарапшыларды қатыстыруға шақырған құқық қорғаушылардың үндеуін елеусіз қалдырды.
newstaraz.kz