Құтырма дертінен сақтаныңыз
Антирабикалық көмек тегін көрсетіледі.
Қазіргі уақытта құтырма ауруы денсаулық сақтау саласында ғана емес, сонымен қатар ветеринария саласында да өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл инфекциялық ауру барлық жерде тарала береді және жүз пайыз өліммен аяқталуымен аса қауіпті, деп жазады altaynews.kz.
2016 жылы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында құтырманы жұқтырып, артынан қайтыс болған 6 адамның бесеуі медициналық көмекке жүгінбеген. Тек бір адамға ғана медициналық көмек көрсетілгенімен, науқас антирабикалық вакцинаның медициналық қолдану бойынша ережелерін сақтамағандықтан (ішімдік ішкен, құрылыс ұйымдарында түрлі ауыр жұмыстармен айналысқан, бірде тоңып, бірде ыстықтаған) ол кісіні де аман алып қалу мүмкін болмапты.
Құтырма дертінен сақтанудың төмендегідей ережелерін сақтау керек:
— Құтырманың белгілері әр жануарда әр түрлі болады , бірақ ең басты назар аударатын нәрсе, ол – жануардың қисынға келмейтін қимыл-қозғалысы. Иттер жеуге келмейтін заттарды – тастарды, шыныны, ағашты және т.б. жей бастайды. Жануарлардың астыңғы жақтары салбырап, көп мөлшерде сілекей бөлінеді, ашушаң болады, адамдар мен басқа жануарларға тап беріп, қатты тістейді. Есте сақтаңыздар, кез-келген жыртқыш аң ешқашан адамға бірінші шабуыл жасамайды!
— Егер адам мен жануарға құтырма қоздырғышы жұққаннан кейін дер кезінде екпе жасалмаса, 100% өлімге әкеліп соғады. Жануарлар қауып алған жағдайда бірден дәрігерге қаралып, құтырмаға қарсы екпе салғызу қажет. Тек уақытында жасалған вакцина ғана аурудың асқынуынан сақтай алады.