Әйелі намаздан бас тартқан жігіт тоқал болуға лайық иманды қыз іздеп жүр
Айдар Нұрахметов. Фото Айдар Нұрахметовтың жеке мұрағатынан
Айдар Нұрахметов екінші әйел алуға бірнеше себепті алға тартып отыр.
Отбасы болған соң, ерлі-зайыптылардың көзқарастары сәйкес келмей жатады. Үйленген кезімде мен енді ғана дінге бет бұрып, намазға жығылып жүргенмін. Көп нәрсені түсінбедім. Қате өзімнен де бар шығар. Асыққан шығармын. Әйелім қарапайым мұсылман отбасынан шыққан. Ата-анасы да салт-дәстүрге қанық адамдар. Жұбайыммен отау құрғанымызға төрт жыл болды. Осы уақыт ішінде Аллаға шүкір, көкірегім оянып, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Егер Алла сенімге толы жүрек берсе, адамның санасы да реттеледі екен. Осы тұста бізде келіспеушіліктер туындай бастады. Әйелім намаз оқығысы келмейді. Мен діни фанат емеспін. Ондай адамдарды білемін. Әйелімнің ата-анасы да қыздарының дұрыс емес екенін біледі. Мен одан көп нәрсе сұрамаймын. Тек өзінің шариғат бойынша киінгенін, дастархан басында ас ішерден бұрын Алланың атымен бастау, ауқаттанып алған соң, Аллаға шүкіршілік айту сияқты қазақтың қарапайым дәстүрін ұстанса деймін. Біздің көзқарасымыз сәйкес келмейді», — дейді Айдар.
Ұл баланы тәрбиелеп отырған олар сонда да ажыраспаймыз деп бел буып отыр.
«Біз ажыраспаймыз. Әйелімді дінге алып келу менің міндетім. Біз екінші әйел туралы келістік», — дейді 32 жастағы азамат.
Айдардың айтуынша, бар мәселе бірінші жарының дін туралы мүлде тыңдағысы келмей, басын ала қашуы.
«Менің намазға жығылғаным оған ұнамады. Оған қарсы болды. Сол кезде менің қандай сезімде болғанымды түсіндіре алмаймын», — деп ағынан жарылды ол.
Айдар Нұрахметов болашақта екінші әйел алып жатса, екеуіне бірдей жағдай жасайтынын айтады.
«Кедей емеспін, Аллаға шүкір. Дәл қазір үйленейін деп тұрған жоқпын. Болашақта екеуін бірдей қамтамасыз ету туралы ойымда бар», — дейді ол.
Әйел таңдауда шалыс кеттім деп өкінген Айдар екіншісін асықпай жүріп алмақшы. Оның ең бірінші талабы болашақ жарының бес уақыт намазын оқуы. Сондай-ақ ол балаларының ислам дінін ұстанғанын қалайды екен. Айдардың өзі мешіт жанындағы курстан діни білім алғанын айтады.
newstaraz.kz