Қызылордада денесі суып, есінен танғанына біраз болған баланы мешіт имамы құранмен тірілтті
Өлім аузында жатқан бала мешіттен өз аяғымен кетті.
Елді елең еткізген бұл жағдай туралы Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісіне «Ақмешіт – Сырдария» мешітінің ұстазы Мұхтар Гаджиев айтып берді.
«Біз әдеттегідей оқушыларымызға дәріс оқып отырған болатынбыз. Бір кезде мешітке немересін құшақтап келген әжейді көрдік. Қиындыққа тап болған кісі жылап тұрып жағдайын айтып берді. Немересінің денесі суып бара жатыр екен. Есін жимағанына да көп уақыт болған көрінеді. Дәрігерлер көмектесе алмайтындарын айтыпты. Дереу дәрісімізді үзе тұрып, қарияға көмектесуге кірістік», – дейді ұстаз.
«Бұл расымен таңғажайып дүние. Алланың құдіреті шексіз. Арнайы жасалған рәсімнен кейін бала өз-өзіне келіп, «қарным ашты» депті. Әжесі дереу дүкенге жүгіріп, нан, су алып келіп баласын тамақтандырды. Осылайша өлім аузында жатқан бала мешіттен өз аяғымен кетті», – дейді Мұхтар Гаджиев.
«Ең бастысы, ғажайыптың орындалуы үшін ең бірінші кезекте ниет пен сенім қажет. Сол кезде жазылмайтын дерт болмайды», – дейді имамадар.