Жаңаөзенде 12 пәтерлі қос қабатты үйде «газ баллоны жарылған»
Жаңаөзен қаласындағы қос қабатты үйлердің бірінде «газ баллоны жарылып, подъезд опырылған», зардап шеккендер бар. Бұл туралы ресми хабарды төтенше жағдайлар министрлігінің телеграм-арнасы жариялады.
Түске дейінгі хабарға қарағанда, үйінді астынан үш адам тірі, төрт адам өлі табылған.
Министрлік таратқан ақпаратқа қарағанда, 17 сәуірде Астана уақытымен таңғы 5 шамасында Жаңаөзен қаласының 2-ықшамауданындағы екі подъезі бар 12 пәтерлі екіқабатты үйде газ баллоны жарылған. Жарылыс 150 шаршы метрді алған (үйдің жалпы ауданы – 600 шаршы метр).
Қазірге дейін 12 адам зардап шеккені анықталып, медициналық қызметке тапсырылған. Жарылыс қалай, неден болғаны енді анықталады.
«Үйінді маңында Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар қызметінің 50-ден астам құтқарушысы мен кинологиялық тобы және 10 техникасы жұмыс істеп жатыр» деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
12 адамға медицина көмегі көрсетілген. Оның сегізі – бала. Бес адам ауруханаға жатқызылған.
Маңғыстау облысының ТЖД жанынан жедел штаб құрылып, жедел желі телефоны ашылған: 8 (7292) 31 90 99.
newstaraz.kz