Жапондар қымыз бен шұбатқа қызығушылық танытып отыр
Жапония бүлдіршіндері кальцийдің жетіспеушілігіне ұшырауда, аталған дертке қазақтың қымызы мен шұбаты таптырмас ем.
Жапондықтар тіл сындырды. Жастар қазақ тілін меңгеруге кірісті. Күншығыс елінен Алматыға арнайы ат арытып келген студенттер сондай-ақ ұлттық асхананы танымаққа ұмтылды. Ә дегеннен бауырсақ пен бесбармақ дайындауды үйрене бастады. Ал, жанындағы ұстаздары басқа мақсатпен келіпті. Олар қазақтың қымызы мен шұбатына қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды Алматы теларнасы.
«Сәлеметсізбе! Біз Жапониядан келдік».
«Сәлем, сау бол, рахмет!»
Бұл жапондық студенттердің қазақ тілін меңгерудегі алғашқы қадамы. Тұрмыста жиі айтылатын сөздермен тіл сындырған шетелдіктерге «Уақытша отбасы» атты топ көмектесуде. Күншығыс елінен келгендердің айтуынша, қазақстандық ата-аналар жібек пейілін аяған емес.
«Қазақстандық ата-аналар балаларға көп уақыт бөледі екен. Бізде бала тәрбиесіне уақыт аз бөлінеді. Мен Алматыға алғаш рет бір жыл бұрын келдім. Тіл білмегендігімнен, қатты қиналдым. Сосын елімге қайта оралған кезде қазақ тілін меңгеруге ден салдым»,- деді жапон студенті Нао Уэда.
Жапондық студенттермен бірге оқытушылары ат арытып келген. Бірақ олардың мақсаты — бөлек. Мамандар біздің елде кеңінен пайдаланылатын сүтті өнімдерді зерттемек. Себебі Жапония бүлдіршіндері кальцийдің жетіспеушілігіне ұшырауда. «Аталған дертке қазақтың қымызы мен шұбаты таптырмас ем»,-дейді олар. Сондықтан біздің табиғи өнімдерге қызығушылық танытып отыр.
«Бұрын Жапонияда теңіз өнімдерін көп пайдаланатын. Қазір ет өнімдерін жиі тұтынамыз. Алайда біздің ағзамыз құнарлы етке бірден үйрене алмай, кері әсер берді. Сосын әлем бойынша қазақтар етті тиімді пайдаланатынын білдік. Оған себеп қымыз бен шұбат екен»,- деді Жапониялық профессор Атсуши Огихара.
Қазақ тілі мен мәдениетімізді, ұлттық асханамызды танымаққа ұмтылған шетелдік мамандар өз білгендерімен де бөліспек. Мысалы, Алматының экологиясын тазартуға мүмкіндік беретін ойларын ортаға салмақ ниетте. Оған қоса, ота жасаудың қыр-сырларын үйрететін болады.
Аршын Кемелжан, Влад Шишко
Фото:natige.kz
newstaraz.kz