Жасұлан Қыдырбаев спорттан сегіз жылға шеттетілді
Фото: sk-sport.kz
Өтешев пен Қыдырбаев Хьюстонда өткен Әлем чемпионатында алған медальдарынан айырылды.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық зілтеміршілер — Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешев пен Ермек Өміртайды допингке байланысты спорттан шеттетті, деп хабарлайды «Қазақстан» ҰТА.
2015 жылы желтоқсан айының соңында IWF Хьюстонда өткен сол жылғы әлем біріншілігі кезінде тапсырған допинг-сынамаларынан тыйым салынған препараттар табылғаны үшін қазақстандық спортшыларды уақытша спорттан шеттеткен болатын.
Енді халықаралық ұйым Алмас Өтешев пен Ермек Өміртайды 4 жылға, ал тыйым салынған препаратты қайталап қолданғаны үшін Жасұлан Қыдырбаевты 8 жылға спорттан шеттетті. Одан бөлек, Өтешев пен Қыдырбаев Хьюстонда өткен Әлем чемпионатында алған медальдарынан айырылды. Естеріңізде болса, байрақты бәсекеде Алмас күміс, Жасұлан қола медаль еншілеген еді.
newstaraz.kz