Жезқазған тұрғыны кафеге барып, полицейден оңбай таяқ жеген (фото)
Скриншот: 31 арна
«Арнайы жасақ сарбаздары жерде жатқанда басымнан ұрып, құлағымның жарғағын жарып жіберді», — дейді Дамир есімді азамат. Қазір жас жігіт Астанадағы нейрохирургия орталығында емделіп жатыр. Себебі соққыдан соң бір жақ беті әлі күнге жансыз екен.
27 қаңтардың кеші жайлы сұраққа Дамир ұзақ ойланып барып жауап берді. Айтуынша, әріптесі екеуі жұмыстан соң дәмханаға кірген. Көп ұзамай олар отырған кафеге бетперде киген арнайы жасақ кіріп келіп «бәрің де жатыңдар!» деп әмір етіпті.Ол да досымен бірге бұйрықты орындаған.
«Жатқан кезде, көрген жоқпын, бірақ бастан соққы алдым. Одан кейін есімді біле қоймаймын. Өйткені, тұрсам құлағымнан қан ағып жатыр екен», — дейді зардап шегуші.
Қан-жоса қалпымен далаға шыққанда арнайы жасақ сарбаздары бірнеше адамды тізіп қойып, тексеріп жүрген көрінеді. Командирлеріне келіп «мыналарыңыз не?» деп сұрағанда еш жауап естімепті.
Үйіне жеткен соң өзін жайсыз сезініп, артынша ауруханаға барған. Сол жерде полицейлердің үстінен арызданып, тексеру басталады. Алайда, тәртіп сақшылары жас жігіттің жәбірленуші екенін мойындағысы келмепті.
Бұл жағдайдан облыстық ішкі істер департаментіндегілер де хабардар болып шықты. Олардың айтуынша, сол күні кафеде бір топ адам төбелесіп жатыр деген шақырту түскен екен. Оқиға орнында 7 адам ұсталып, олардың біреуінен есірткіге ұқсас зат табылыпты.
«Оларды ұстау кезінде полиция қызметкерлеріне бірқатары қарсылық көрсеткен. Сондай-ақ, кафеге келушілердің бірі «полиция қызметкерлерінен соққы көрдім» деп жазған арызы бойынша қазіргі таңда ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен қызметтік тексеріс жүргізілуде», — деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ІІД МТАБ басшысы.
Қызметтік тексерістің қашан аяқталатыны және қандай шешім шығатыны әзірге белгісіз. Ал, 1 ай бойы емделіп жүрген Дамир әлі де сол соққының зардабын тартып отырмын дейді.
newstaraz.kz