Қырғызстанның бас прокуратурасы Тәжікстанмен арадағы жанжалды «басқыншылық» деп атады
Қырғызстанның бас прокуратурасы қырғыз-тәжік шекарасында болған жанжалға қатысты «Бейбітшілікке қарсы қылмыс» бабы бойынша іс қозғады.
Бас прокуратура Тәжікстанның қауіпсіздік күштерінің 29 сәуірдегі әрекетін жерді басып алу мақсатында жасалған «әскери басқыншылық» деп атады.
Қырғызстан бас прокуратурасының 3 мамырда таратқан мәлімдемесінде 29 сәуірде таңғы сағат 4:40-та Тәжікстанның тұрақты әскері мен «банда жасағы» автоматты қарумен, минометпен, әскери тікұшақпен, ауыр бронды техникамен, артиллериямен және қарудың басқа да түрлерімен Қырғызстан шекарасындағы бейбіт халыққа шабуылдады делінген.
Қырғыз прокуратурасы тәжік тарапын жергілікті халықтың мүлкін тонады, үйлер мен инрфақұрылым нысандарын өртеді деп айыптады. Соның салдарынан «азаматтар мен мемлекет өте көп материалдық шығынға ұшырады» деп мәлімдеді прокуратура.
Қырғызстан бас прокуратурасының мәлімдемесінде қырғыз әскері қаруды бейбіт халықты, Қырғызстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатында пайдаланды делінген.
3 мамырда Тәжікстанның бас прокуратурасы Қырғызстан азаматтары мен әскери топтарының үстінен «Агрессивті соғысты бастау немесе жүргізу», «Кісі өлтіру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қырғыз-тәжік шекарасында үш күнге созылған қарулы қақтығыста тараптар бір-бірін айыптап отыр. Қырғызстан билігі 36 адам қаза тауып, жүзден астам адамның жараланғанын хабарлады. Тәжік билігі зардап шеккендер туралы ресми мәлімет таратпады. Азаттық радиосының тәжік қызметі — Озоди радиосының есебінше, жанжал кезінде 16 тәжікстандық мерт болған.
newstaraz.kz