Үйсіз шенеуніктер: журналистер қырғыз шенеуніктерінің декларацияларынан не тапты? (видео)
Қырғызстан салық қызметі мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлердің 2019-2020 жылдардағы декларацияларын жариялады. Есепке сенсек, шенеуніктер кедей тұрады: біразының баспанасы жоқ, ал табысты негізінен ірі қара бағумен табады.
200 қырғыз шенеунігі екі жылдың декларациясын бірден тапсырған, былтыр олар пандемияға байланысты есеп бермеген. Мүлкі мен табысы туралы декларация өткізбеген шенеуніктер заңмен жазалауы тиіс.
Қырғызстан министрлер кеңсесінің басшысы Ақылбек Жапаро екі жылда шамамен 20 мың доллар табыс тапқан. Ол декларацияны депутат ретінде тапсырды. Есепке сенсек, шенеуніктің бір ғана бір бөлмелі пәтері бар. Ал оның туыстарының бес контейнері, жеті «мерседес» көлігі бар. Бұның алдында зерттеуші журналистер үкімет басшысының ірі кәсібі барын анықтаған.
«Жазда ғана біз Бішкектегі ірі Damas қонақ үйі оның ұлына, көмекшісіне, әйеліне қатысы бар офшордағы компанияға тиесілі екенін анықтаған едік», — дейді журналист Болот Теміров.
Журналистер депутат Камчыбек Жолдошбаевтың декларациясына назар аударды. Есепте ол бір ғана пәтері барын жазған. Бірақ үш жыл бұрын Kaktus.media журналистері депутаттың зәулім сарайы және 2,5 гектар жері барын анықтаған.
Декларацияда Жолдошбаев автокөлігі жоқ екенін жазған. Үш жыл бұрын ол әріптестері мен көмекшілерінің қоғамдық көлікпен жүретініне ұялатынын мойындаған.
Президент жақтасы, парламенттің бұрынғы спикері Талант Мамытовтың баспанасы да жоқ болып шықты. Шенеунік өткізген декларацияда солай көрсетілген. 2019 жылы оның арзан автокөлігі мен малы болған. 2020 жылы шенеуніктің жалпы құны 18 мың доллар болатын отар қойы мен үйір жылқысы ғана қалған.
Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев пен ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековтің баспанасы да, автокөлігі де жоқ екен. Бас прокурор Құрманқұл Зулушевтің де үйі жоқ, бірақ автокөлігі, жиһазы және 17 мың доллардың сәйгүліктері бар.
«Шенеуніктеріміз декларацияны айналып өтуді үйренді. Олар мүліктерін туыстарының, кәмелет жасқа толмаған балаларының, көмекшілерінің, кейде тіпті жүргізушілерінің атына тіркейді», — дейді журналист Болот Теміров.
Президент Садыр Жапаров есепті премьер-министр болып тұрған уақытта тапсырған. Құжатқа сенсек, былтыр ол 3 мың доллар табыс тапқан, алты гектар егістігі бар.
Елдің бұрынғы үкімет басшылары Мұхаммедкалый Абылгазиев пен Кубатбек Боронов декларация тапсырмаған. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев заң бойынша мүлкі мен табысы туралы мәліметті жарияламауы тиіс.
newstaraz.kz