Новости на Newstaraz.

Қазақ миллионері табысты әрі қайырымды болудың құпиясымен бөлісті

newstaraz.kz
Бауыржан Оспанов. Фото жеке мұрағаттан алынды.

Миллионерлер мен қалталы азаматтар туралы әңгіме қозғалса,  халықтың екіұдай пікірде қалатыны рас. Бірі бизнесте тасы өрге домалаған тұлғаларға қызыға қараса, енді бірі мұндай табысқа жетудің тамырын әріден іздей бастайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қарапайым ауылдан шығып-ақ табыс көзін табуға болатынын дәлелдеп үлгерген.

Белгілі меценат, спорт жанашыры, Қазақстандағы үздік 50  бизнесменнің қатарына енген Бауыржан Оспанов NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, табысты әрі қайырымды болудың құпиясымен бөлісті.

 — Бауыржан Кеңесбекұлы, сізді ірі спорт шараларының басы-қасынан жиі көреміз. Әсіресе, талантты боксшылардың көзін ашып, қолтығынан демеп жүресіз. Санаулы күндерден соң өтетін Қанат Исламның жекпе-жегі алдында аталған бокс кеші туралы кеңірек әңгімелеп берсеңіз…

— Қанат Ислам өзінің ерекше жұдырықтасу мәнерімен, ұлтқа деген шексіз сүйіспеншілігімен, қарапайымдығымен жанкүйерін тапқан боксшы. Бүгінде әр қазақ Қанатты өз батыры санайды. Ал шетте туылған Қанат үшін халқының қолдауы мен ықыласынан артық ештеңе жоқ. Оның Бейжің Олимпиадасында қалай жұдырықтасқанын ел ұмыта қоймаған шығар. Олимпиаданың жүлдесін алған соң атамекенге келу үшін барын салды. Қазақстан атынан ірі халықаралық жарыстарға қатысуды армандады. Алайда, құжаттарын дайындау мерзімі ұзаққа созылып, Қытайда біраз жүріп қалған болатын. Сол себепті, 2012 жылғы Лондон додасына қатыса алған жоқ. Қанат кәсіби бокста атой салуды армандаймын деген соң, оның осы салада өз жолын табуына күш сала бастадық. Көптеген промоутерлердің ұсынысын сараптай келе, Нельсон Лопес есімді бапкерге тоқталдық.

Қанат Ислам. Фото: Stan.kz

Ол кәсіби боксқа бет бұрам дегенше отбасын құрды, кейін оның үй-жайын реттеп, алаңсыз жаттығу жасауы үшін аянып қалған емеспіз.  Бұл еңбегіміз де еш кеткен жоқ, Қанат бізді жеңісімен қуантып жатыр. Бұйырса, 29 қазан күні Алматы-Арена спорт сарайында халық армандаған үлкен кешті өткіземіз. Қала әкімі Бауыржан Байбек бокс кешінің Алматыда өтуіне үлкен үлес қосып, бар мүмкіншілікті жасап берді. Осы ретте, жекпе-жекті өткізуге үлкен күш салып жатқан Бауыржан Байбек мырзаға үлкен алғысымды айтқым келеді.

Еліміздегі BI Group, Sat&Company сынды ірі компаниялар да Қанатқа бірден қолдау көрсетті.  BI Group басшысы Айдын Рахымбаев пен Sat&Company-ды басқарып отырған Кеңес Рақышев мырзалардың еңбегі атап өтуге тұрарлық. Қанаттың жекпе-жегі үшін көмектен бас тартқан жоқ.

Бұл кеш үшін АҚШ-тан арнайы судьялар, ринг анонсерлер мен Show Time телеарнасының түсірілім тобы келеді. Мұның бәрі Қанат Ислам, Жанқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы сынды боксшыларға еліктеген қазақ жігіттері үшін үлкен үлгі болары анық.

Рас, біздің жігіттер әуесқой бокстан барлық биікті бағындырды. Қазақ боксшылары Олимпиададан алтынсыз келмейтіні соның дәлелі. Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев мырза біздің боксшылардың алаңсыз жаттығуына бар жағдайды жасап бергенін ұмытпаған жөн. Тимур мырза Қанат атамекенге оралған кезде де көмегін аямаған болатын. Енді біз кәсіби бокстың шыңына ұмтылуымыз керек. Осы үшін жұмыс істеп жатырмыз.

 — Аталған кеште Жәнібек Әлімханұлының өнер көрсететінін білеміз. Жәнібекті бала күнінен бақылап, үлкен жарыстарға баптап қосқан да өзіңіз. Бүгінде ұлыңыздай болып кеткен Жәнібектің бірден азулы қарсылас — Милтон Нуньеске қарсы шығуы сізді алаңдатпайды ма? Қанша дегенмен, Әлімханұлы әуесқой бокстан өз несібесін алмағандай көрінеді…

— Бүгінде Жәнібек Олимпиада жүлдесін алмай, әуесқой бокстан кетпекші ме деген сұрақтар жиі қойылады. Менің айтарым, бүгінде кәсіби және әуесқой бокстың арасы жақындай түсті. Әлемдік бокс ұйымдары кәсіби боксшыларға да Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін берді. Жәнібек ақылды жігіт. Егер бәрі жақсы болса, ол халқы үшін алдағы Олимп ойындарында жұдырықтасудан бас тартпайды.

Жәнібек Әлімханұлы. Фото: AFP

Біз бұл баланы кішкентайынан дайындадық. Ол өнер көрсететін салмақты да әлемдегі ең танымал әрі бәсекелестікке толы салмақ дәрежесі деп атауға болады. Бүгінде кәсіпқой бокстың шыңында тұрған Альварес, Уорд, Головкин сынды боксшылар тап осы орташа ауыр салмақта атой салып жүр. Мұндағы жігіттердің соққылары да нық. Жәнібек осы талаптардың барлығына жауап береді. Онда күш те, техника да, соққы да бар. Ендеше, темірді қызған кезінде соғу керек. Өзім Жәнібектің бірден азулы қарсыласқа қарсы шығуынан қандай да бір қауіп көріп тұрғаным жоқ. Нуньес 2010 жылы Головкинмен де жұдырықтасқан. Демек, біз өте тартысты кездесуді көреміз деген үміттемін.

Бауыржан Оспанов. Фото жеке мұрағаттан алынды.

Похожие статьи

 — Сіз халық арасында жомарттығыңызбен танылған адамсыз. Көптеген спортшылар да сіздің қамқорлығыңызды сезінді. Естуімізше, туған ауылыңыздан Жәнібек Әлімханұлы секілді талантты спортшыларды дайындайтын спорт мектебін ашып қойыпсыз. Аталған мектептің тыныс-тіршілігі қалай? Олимпиада үміттерін күтуге бола ма?

— Кез келген істі бастау үшін білікті мамандарды сайлап алған жөн. Осы орайда, Мұрат Сиқымбаев есімді танымал жаттықтырушымен келісіп, оны біздің ауылға бапкерлік қызметке жібердім. Қазір әлем чемпионы атанып, кәсіби бокста бағын сынауға бел буған Жәнібек Әлімханұлы сол Мұрат бапкер тапқан талантты боксшы.  Міне, жақсы бапкер жақсы боксшыны өсірді. Сондықтан, ең әуелі жаттықтырушылар мен ұстаздар қауымының білікті болғаны дұрыс.

Ол кезде Жәнібек ауылдағы спорт мектебінің филалы ретінде ашылған физика-математика мектебінде оқитын еді. Жәнібек 12 жасында Шаңырақтағы спорт мектебіне ауысты. Содан соң, бұл мектеп түгелімен физика-математика бағытында білім беретін орта мектеп болып қалды. Соның өзінде, аталған білім ордасында спортқа ерекше көңіл бөлінетін. Әсіресе, бокс пен күреске баса мән беріледі.

Осы кезде балалар алаңсыз жаттығуы үшін спорт мектебі керектігін байқадым. Балалар бір ауылдан екінші ауылға қатынап жүрмеуі үшін қажет еді бұл.  Өзім туып-өскен Жыланды ауылына көршілес жатқан Лепсіден балаларға арнап спорт мектеп-интернатын салдық. Бүгінде спорттың алты түрі бойынша балалар тегін білім алуда. Спорттық киімдері, күнделікті тамақтануы, жаттығуы — бәрі шешілген. Жарыстарға баратын болса да балаларды демеп, қолдап жүреміз. Ал балаларға сабақ беретін мұғалімдер мен жаттықтырушылар мемлекеттен жалақы алады. Мен бапкерлер мен ұстаздар қауымына қосымша қаржы беріп тұрамын.

Екі ауылдағы спорт-интернат пен орта мектепке  Алматыдағы беделді оқу орындарын бітірген жас мамандарды алып келдік. Ауылға келген мұғалімдерге үй салып, ішіне жиһаздарын да орнаттық. Қолдарына бағатын мал да беріп қойдық. Жағдайы жақсы мұғалім үздік шәкірттерді тәрбиелейтіні рас қой.

Бүгінде спорт интернаты мен физика-математика мектебінде оқитын шәкірттерге қойылған ортақ талап бар. Яғни, спорт саласында жүргендер білім алуды, ал физика-математика мектебінде оқып жүргендер спортпен шұғылдануды ұмытпайды.  Жастардың уақытын көңілді өткізуіне де жағдай жеткілікті. Ауылдан тегін кинотеатр, мәдениет орындарын ашып қойғанбыз. Ауыл жастары алаңсыз кітап оқуы үшін үш кітапхана жұмыс істейді. Таза ауада жаттығып, табиғи өнімдерді тұтынып жүрген жастарға енді үлкен үміт артып отырмыз.

Бауыржан Оспанов. Фото жеке мұрағаттан алынды.

 — Естуімізше, сіздің туған ауылыңызда арақ-шарапты аузына алатын адам жоқ деседі. Бұл рас па?

— Рас (күлді). Өзім өмірімде аузыма арақ та, сыра да, шампан да алып көрмеген адаммын. Темекіге де еш әуестігім болмапты. Осы өмір салтын әлі күнге дейін ұстанып келемін. Ауылға барған сайын спортқа икемді, білімге құштар балалардың көптігін байқайтынмын. Олардың ынта-жігеріне қарап, салауатты өмір салтын тек жастар жағы емес, үлкендер де ұстану керек деген ойға келдім. Ауылдағы дүкен иелері мен кәсіпкерлерге қосымша қаржы ұсынып, арақ-шарап өнімдерін сатпау туралы ұсыныс тастадық. Міне, бірнеше жылдан бері Жыланды ауылында алкогольді ішімдік  сатылмайды. Тегіс ауыл бас тартты. Енді көршілес Лепсі ауылы да осы жүйеге бет бұрып келеді. Қателеспесем, ол жақта аталған өнімдерді сататын бір ғана дүкен қалған сияқты. Ораза айында бұл ауылдағы дүкендер де алкогольді өнімдер сатуды тоқтатып қойған болатын.

 — Жалпы, қайырымдылық жасау, қолда бармен бөлісу сынды қасиет сізде бала күніңізден бар ма? Сізді адамдарға көмектесуге не итермелейді?

— Бұл ең бірінші кезекте отбасындағы тәрбиенің әсері. Ата-анамыз бізді қолда барды бөлісуге үйретті. Оның үстіне, ауылдықтардан осындай қайырымдылық пен қарапайымдылықты көріп өстік.  Бар нәрсені бөлісіп, халыққа көмектескеннен келер зиян жоқ. Мысалы, маған өз қажеттіліктерімді, өз отбасымның қажеттілігін өтеу үшін белгілі бір мөлшерде қаржы керек. Ал қалғанын халықтың игілігіне жұмсағанды дұрыс санаймын. «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» дейді қазақ. Менің барлық қадамымды осы бір ауыз сөзбен түсіндіруге болады.

Бауыржан Оспанов. Фото жеке мұрағаттан алынды.

 — Қазақтың қыз-жігіттері табысты болу үшін не істеу керек? Миллионер атанудың басты құпиясы неде?

— Табысты болудың басты құпиясы — білім мен еңбектің ұштасуы. Сол білім мен еңбекті қыз-жігіттеріміздің тезірек кәдеге жаратқаны жөн. Мен бірнәрсе өздігімен орындалып кететіндей, әлдебір ғажапты күтіп отыратын адамдарды түсінбеймін. Бизнесте де осылай.  Ештеңені күтпей, тәуекел еткен адамның еңбегі түбінде ақталары хақ. Маған да ақша аспаннан жауған жоқ. Барлығы да еңбектің арқасы. Менің нағашы атам: «Қазақта кедей жоқ, жалқаулар бар», — деп айтып кеткен екен. Міне, бізді кері тартатын нәрселердің бірі — жалқаулық. Осы әдеттен арылып, еңбектенген адамның түбінде табысқа кенелері анық.

 — Миллионер дегенде көз алдымызға қымбат яхтасымен теңізде демалып жүрген бай-бағландар елестейді. Солардың қатарына өзіңізді қойып көрдіңіз бе? Мүмкін сатып алған яхтаңыз да бар шығар…

— Мен жүздеген миллион долларға яхта сатып алған емеспін.  Маған мұндай салтанаттан гөрі өзім қолдап жіберген спортшылардың жүлде алып, оқушылардың пәндік олимпиадалардан жеңіспен оралғаны дұрыс. Былтыр біздің ауылдағы мектептен түлеп ұшқан оқушылардың 95 пайызы ҰБТ-дан жақсы ұпай жинап, грантқа түсті. Лепсідегі спорт-интернатты сегіз оқушы үздік, 42 бала екпінділер қатарында аяқтады. Ал Жыландыдағы физика-математика мектебін бітірген түлектер арасында Мәскеу университетіне атом саласын зерттеуге кеткендері бар. Менің мақсатым — осы қыз-жігіттердің ақылы оқуын төлеп бергенше, олардың тегін білім алуына жағдай жасау. Солардың өмірден өз орнын табуына көмектесу. Менің ұстанымдарым осындай.

newstaraz.kz
Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

newstaraz.kz

where to buy viagra buy generic 100mg viagra online
buy amoxicillin online can you buy amoxicillin over the counter
buy ivermectin online buy ivermectin for humans
viagra before and after photos how long does viagra last
buy viagra online where can i buy viagra
Translate »