Новости на Newstaraz.

Ақтөбеде келінінен таяқ жеген 75 жастағы кейуана қызының үйінде тығылып отыр (фото)

0

Әжібек Молдабаева. Фото: NUR.KZ

Ақтөбелік тұрғын Әжібек Молбаева 75 жасында баласынан қорлық көріп жүр. Алтын құрсақты 10 баланың анасы келіні мен ұлынан қашып, қызының үйінде тығылып отыр деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Кейуананың айтуынша, келіні тамақ бермей, енесі аузын ашса қол көтерген. Келіннің айтақтауымен кенже ұлы да шешесін сабап, зейнетақысын тартып алып отырған. Енесінің атындағы үйін де келіні «сатып алдым» деп нотариус арқылы рәсімдеп алған.

«Олар адам емес, екеуі де қарақшы. Үстімдегі үйімді алып, тамақ бермей аш ұстады. Күнде оларды қарғап отырмын. Мен ол үйді өзіммен алып кетпеймін, қара шаңырағым соларға қалмай ма? Келінім нотариусқа екі рет алдап апарып, сол кезде үйді өзінің атына жаздырып алған. Мен оны кейін білдім. Маған «Зейнетақыңыз өсейін деп жатыр, екі құжатқа қол қоюыңыз керек» деп ертіп апарды. Ондай жағдайды ешкімніің басына бермесін. Әлпештеп өсірген балам бұлай жасайды деп ойлаған жоқпын. Мен оларды өмірде кешірем бе?!»,-дейді Әжібек Молдабаева.

Әжібек Молдабаева. Фото: NUR.KZ

Қария осыған дейін Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Табантал ауылында кенже ұлымен бірге тұрған. Жасы жетпістен асқан кейуана кенже баласынан қызық көрмегенін айтып, көз жасына ерік берді. Он бала туған батыр ананың омырауындағы алтын медальді келіні тартып алып, сақина жасатын алған.

«Ұлым бірінші әйелінен ажырасып кетті. Оны баласымен жіберіп, екінші әйел алып келді. Ол келе сала екі бала туды. Екеуі де жұмыс істемейді. Менің зейнетақымды өздеріне меншіктеп алды. Екеуі де дұрыс бала емес. Поштаға мені ертіп апарып, сыртқа шыққанда қолымдағы ақшаны тартып алады. «Бермеймін» десем ұлымның өзі шалқамнан құлатып, ұрып жығады. Қызым көзім ауыратын болған соң 100 мың теңге тастап кеткен еді. Олар соны да тартып алды. Мен сондайға тап болдым, қайтейін. Даладағы малды өзім қараймын, бір стакан сүт іше алмаймын. Он балаға омырауыма тағылған медаль мен құлағымдағы алтын сырғаға дейін келінім шешіп алды. Содан қолына сақина соқтырып тағып жүр»,- дейді қария.

Бүгінде ұлы мен келінінен қашқан қария қызының қолында тұрып жатыр.

Әжібек Молдабаева ұлымен бірге. Фото: NUR.KZ

«Менің қолыма шешемді үлкен қызы, апам ертіп әкелді. «Алып кет» деп жылап айырылмаған. «Сен енді екі күн келмегенде мен мұнда өлетін едім» дегенде ол шошып кеткен. Үлкен қызының үйінде екі келіні болғаннан кейін екеуміз сөйлесіп, шешемізді мен қолыма алдым. Ауылдағы інім шешем біздің қолымызда келсе де, зейнетақысын алып отырды. Өлімші болып келген шешеміздің жағдайын көріп, оны біз ұмытып кеткенбіз. Кейін маманың өзі айтып, оны арыз жазып тоқтаттық. Төлқұжатының өзін полиция арқылы алдық. Кетіп бара жатқанда шешем олардан құжатын сұрап жалынған. Басында бермеген. Кейін құжатың деп алдап, Каспий банктің картасын салып жіберген. Бұл кісінің көзі дұрыс көрмейді, сыртынан ұстап, құжатым екен деп қалтасына салып алған», -дейді қарияның қызы Сара Мырзағалиева.

Кіші ұл мен келіннің әрекетіне ашуланған қыздары оларды сотқа да берген.

«Аудандық сотқа маманың атынан арыз түсті. Дәлелдеріміз жеткіліксіз деп арызымыз қанағаттандырусыз қалдырды. Келін үйді 800 мың теңгеге сатып алғандығы туралы бар құжат жасатып алған. Еш жерде жұмыс істемейтін адамдар 800 мың теңгені қайдан тауып береді? Оларда ондай ақша түгілі 8 тиын да жоқ. Інім де, келінім де жұмыссыз. Мамамыздың зейнетақысына күн көрді. Ауылда тұрғанда мамамыздың жағдайын сұрай алмайтын едік. Соңғы рет барғанымда інім ақшамды ұрлады деп үстімнен арыз жазып жіберді. Сенімді болсын деп, 373 500 теңге ұрланды деп жазған. Бәлесінен әрең құтылдым. Уақытымды кетіріп, қаншама рет полицияға жауап бердім»,- дейді қызы Сара Мырзағалиева.

Әжібек Молдабаева. Фото: NUR.KZ

Қызы келіні тартып алғаннан кейін сырғасыз жүрген шешесінің құлағына өзінің алтын сырғасын тағып қойған.

«Мамам барлығымызға бірдей тәрбие берді. Оны мұндай қорлыққа салғым келмейді. Бұл кісі өзінің әке-шешесін баққан адам. Алдарына ақ майын қойып, шешесін баққанын көзіміз көрді. Осыдан кейін де өлтірсін бе, көрер жарығы бар шығар?!  Он баланың ішінде ала да, құла да болады. Ішімдікке салынған ұл мен қыз бар. Кіші ініміз солармен ғана байланыс жасайды. Оның біреуінің баласы Әлібек Ақпанбетовтың Ақтөбеде болған терракт оқиғасына қатысы бар»,- дейді қызы.

Бүгінде кейуана келіні мен баласы келіп қалады деген үреймен өмір сүруде.

«Қазір інім мамамыздың сіңілісіне «оны сыртқа шығарып беріңдер» деп хабарласқан. Біздің үйдің ауласынан шығарып алсақ, не істейтінімізді өзіміз білеміз дейтін көрінеді. Енді мамам қорқып отыр. Дүкеннен нан алуға шықсам да есікті кілттеп кет деп жалынады. Шешемізді бұлай қорлаған адамдар ақша үшін бәріне де барады», — дейді Сара Мырзағалиева.

Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.